Карантин 1 млн 700 мың азаматтың жұмысына кеcірін тигізді
5 шілдеден бастап күшейтілген карантин тәртібі 1 млн 700 мың азаматтың жұмысына кері әсерін тигізді, деп хабарлайды "Хабар 24".
Оның ішінде 1 млн 300 мың адам микро және шағын бизнеспен айналысады. Жұмыс берушілердің бірі қызметкерлерін жалақысыз еңбек демалысына жіберсе, енді бірі штат құрамын қысқартуға мәжбүр болған.
Шығын тағы қандай салаларда байқалады?
Жалақысыз еңбек демалысына жіберілгендердің барлығы дерлік ойын-сауық, демалыс, туризм саласы мен қоғамдық тамақтану орындарында қызмет етеді. Жұмыс берушілердің едәуір бөлігі штат құрамының 14,5%-ін қысқартуға мәжбүр болған. Әсіресе, Шымкент, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Алматыда бұл көрсеткіш жоғары. Сондай-ақ қызметкерлердің шамамен 20%-і жалақысыз еңбек демалысына шығарылды. Мұндай жағдай Алматы, Түркістан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі тіркелді.
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған ақпаратқа сай карантин кесірінен азық-түлік емес дүкендер, базардағы бутиктер, сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, мейрамханалар мен ивент агенттіктер шығынға батып отыр.
"Жоғарыда аталған сауда орындары мен шағын және орта бизнес субьектілеріне салынған шектеулер наурыз айынан бері жалғасып келе жатқандықтан, ең көп материалдық шығын соларда", - дейді сарапшылар.