"Мүгедектікке шығарып беремін" деп түлкібастықтарды алдаған әйел ұсталды
Түлкібас ауданында “мүгедектік бойынша жұмысқа жарамсыз” деген қағаз алып беремін, деп бірнеше тұрғыннан ақша алған алаяқ күдікті әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас аудандық полицейлері "мүгедектікке шығарып беремін" деген желеумен бірнеше тұрғындардың ақшасын жымқырған күдікті әйелді ұстады. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың тамыз айында Түлкібас ауданының жергілікті тұрғынын танысы “мүгедектікке шығарып беремін” деп алдап, құжаттарымен бірге 200 мың теңгесін алып кеткен. Осы уақыт аралығында мүгедектікке шыға алмаған, ақшасын қайтара алмаған тұрғын сан соғып қалғанын түсініп, АПБ–не арызданып, полицияның көмегіне жүгінген. Осы секілді арыздарымен полицияға тағы да бірнеше тұрғындар шағым түсіріп, алаяқтың арбауына түскендерін жеткізді.
Аталған жайттар ҚР ҚК–нің 190-бабымен “Алаяқтық” тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп–тексеру жұмыстары жүргізілді. Аудандық полицейлердің кәсіби шеберлігінің, қырағылығының арқасында жоғарыдағы төрт бірдей жәбірленушілердің арызына орай шұғыл түрде іздестіру шаралары жасалды. Жедел іздестірудің нәтижесінде күдікті әйел тұрғылықты мекен–жайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің төрт жәбірленуші әйелді алдап, жалпы көлемі 1 миллион теңгеге жуық қаржыны иемденгені белгілі болды.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.