Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты "Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальден" коронавирус жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 24-ші маусымында министрліктің бұйрығымен аталған госпиталь провизорлық стационар ретінде қайта бейінделген болатын. Содан бері Covid-19 белгілерінің бар жоғын анықтап, індетке шалдыққан науқастарға толыққанды ем жасап келді.
Госпитальге 7 аптаның ішінде ковид жұқтырды деген күдікпен 730 науқас келіп түсті. Солардың арасында 335 адамнан вирус анықталып басқа стационарларға ауыстырылды. Қалған науқастардың барлығы аурудан айығып үйлеріне аман-есен жетті. Қуаныштысы, бұл мекемеде өлім-жітім оқиғасы тіркелген жоқ. Науқастардың жас айырмашылығы 18 бен 90.
Бүгін медициналық қызметкерлер соңғы науқасты салтанатты түрде шығарып салды. Көжеков Кенжетай Дүйсенбайұлы 68 жаста. Аурудан құлан таза айығып шыққан қария, өзін өлімнен арашалаған қызметкерлерге шын жүректен алғысын айтып қоштасты. Халықтың амандығы үшін күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеген госпиталь директоры Динара Оразалина өз ойын былай қорытындылады.
"Біз 50 күн бойы тәуліктеп тоқтамай жұмыс істедік. Әсіресе, алғашқы кезеңдері қиын болды. Себебі, коронавирустық инфекциямен күресте бұрын тәжірибе болмаған. Орталық қызметкерлері жағдайы нашар науқастармен және байыппен қарауды қажет ететін қариялармен жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған. Сол қызмет барысындағы жинаған тәжірибеміз септігін тигізді деп айта аламын. Біздің орталық мамандары аз уақыттың ішінде вирусқа қарсы күресте өте көп дүние үйренді".
Енді орталыққа зарарсыздандыру жасалады. Тиісті қорытынды шыққан соң, госпиталь бұрынғы бейіні бойынша жұмысын жалғастырады.