"Nur Otan" партияішілік сайлау кестесін жариялады
"Nur Otan" партиясында праймериз өткізу бойынша Орталық ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті. Жиын барысында партияішілік сайлаудың республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі өз парақшасында жазды.
Оның айтуынша, праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау.
"Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен "Nur Otan" праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған "Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам" партия жұмысын "қайта жандандыру" бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Кандидаттар праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Бұл ретте партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін "Nur Otan"-ның қатарына қосылу керек", - деді Бауыржан Байбек.
Сонымен, кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып, 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт-насихат жұмыстарына дайындалу үшін 7 күн беріледі - 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін.
7 қыркүйектен 3 қазанға дейін аралықта кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өтеді. Пікірсайыстар "Праймериз" арнайы ақпараттық жүйесі арқылы өтіп, партияның ресми аккаунттарында таратылады.
Осыған байланысты партия Төрағасының тапсырмасы бойынша онлайн-форматта дауыс беру үшін платформа әзірленді. "Праймериз" жүйесі тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтуді, жалпы жұртшылықтың пікірлерін ескере отырып, түрлі бастамалар мен заң жобаларын онлайн-талқылау мүмкіндігін көздейді.
1 қазан (00-00) мен 3 қазан (14.00) аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр.
Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады.
Үміткерлердің рейтингі көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады.
Айта кетейік, бұған дейін "Nur Otan" партиясы праймериз өткізу, сондай-ақ, кандидаттарға ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау көрсету мәселелері бойынша 8 (800) 080 4441 арнайы желіні іске қосқан болатын.
Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, соңғы 2 айдың өзінде аталған желіге 15 мыңға жуық қоңырау түскен. Оның 3,5 мыңнан астамы - кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібін түсіндіруді сұраса, мыңнан астамы дауыс беру процедурасына қызығушылық танытты. Тағы мыңға жуық адам партия қатарына кіру тәртібі туралы сұрады. Түсініктеме алуға жүгінген 7,5 мыңнан астам адам - 30 бен 44 жас аралығындағылар.