Алматы облысында "Түнгі қаладағы балалар" шарасы өтуде
Алматы облысының полицейлері түнгі сағат 23-00 кейін ересектердің еріп жүруінсіз көшеде және қоғамдық орындарда жүретін кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша арнайы шара жүргізуде, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2020 жылғы 12-14 тамыз аралығында облыс аумағында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу жоспарланған.
"Жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі Мемлекет Басшысының үнемі назарында. Бұл ішкі істер органдарына ерекше жауапкершілік жүктейді, сондай-ақ оны азайту үшін барлық шараларды қабылдауға міндеттейді. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың бастауы – балалар мен жасөспірімдерде заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру және құқықтық сауаттылықтарын арттыру. Өткізілген іс-шаралардың тиімділігі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары қатысқанда артады", - деп атап өтті Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Бағдат Әшімов.
Іс-шараның басты мақсаты - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қадағалаусыз жүрудің алдын алу, олардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болу, кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін, сондай-ақ ересек адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы қызметке тарту деректерін анықтау.
"Бірінші күннің қорытындысы бойынша 27 жасөспірім профилактикалық және тізімдік есепке алынды. Сонымен қатар, жұмыс барысында есепте тұрған 100 кәмелетке толмаған және 146 тұрмысы төмен отбасы тексерілді. 17 ата-анаға қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа оларды ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабында (ата - аналардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауы) көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді", - деп қорытындылады Бағдат Әшімов.