Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы мәлімдеме жасады
Алматыда мешітке қатысты қойылған шектеулердің ұзартылғаны еске салынды, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызмет сайты арқылы өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласының Орталық мешітінің наиб имамы Ермек Көкірекбаев мәлімдеді.
"Өздеріңізге белгілі, кеше өткен мемлекеттік комиссия отырысында карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шараларын жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтылды. Алайда әлі де тыйым салынған орталықтардың қатарында діни нысандардың бар екендігі мәлім болды", - деді ол.
Сондықтан наиб имам уақытша бұл шектеулерге мұсылман қауымның түсіністікпен қарауға шақырды. Ең алдымен, адам денсаулығының саулығы маңызды екенін де баса атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге байланысты құзіретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс бергенін де айтты.
"Өткізілген келіссөздерде ҚМДБ ұсынысы құпталуда. Мешіт толымдылығын 30 пайыздан асырмау, 1 келушіге 4 шаршы метр талабын сақтай отырып, мешіттерді кезең-кезеңімен ашу талқылануда. Алла қаласа, жуырда мешіттеріміз қайта ашылады деген үлкен үміт бар", - дейді Көкірекбаев.
Ол қала тұрғындарына сәл шыдамдылық танытса бұл күндер де артта қалатынын еске салды.
"Құрметті бауырлар! Әрине, Алла үйлері бос қалып, құлшылық жасауға мүмкіндік болмай жатқаны бәрімізге ауыр батуда. Мамыр айының басында, яғни елімізде эпидемиологиялық жағдай жақсара бастаған кезде ҚМДБ мешіттерді қайта ашуды қолға алған болатын. Алайда ол ұзаққа созылмады. Індеттің таралуы күшейіп, мешіт қызметіне қайтадан шектеу қойылды. Өйткені, ауру жұқтырған жандардың саны күрт өсіп кетті. Көз жұмғандар саны да аз болмады. Осы ретте Жаратқанның әміріне бойсұнып, үздіксіз дұға жасап, талап пен тәртіпке бағынып, мұсылмандық міндетімізді орындайық. Алла қаласа, көп ұзамай бұл күндер де артта қалады. Хақ Тағала мешіттеріміз ашылып, көпшілікпен құлшылық жасайтын күнді жақын еткей. Әмин!", - деді.