Саясаттанушы Тоқаевтың Лукашенконы неге құттықтағанын түсіндірді
Жоғары лауазымды тұлғалардың сайлаудағы жеңісімен құттықтап, жеделхат жолдау процесі стандартты алгоритм болып табылады. Дипломатиялық акт ретіндегі мұндай стандартты құттықтаулар Беларусь билігі тарапынан жасалған барлық заңсыз әрекеттерді қолдауды білдірмейді, деп түсіндіреді белгілі саясаттанушы Оразғали Селтеев, деп хабарлайды zakon.kz.
"Тоқаев Лукашенконы неге құттықтады? Менің арнама жазылушылардың көбісі маған осындай сауал тастайды", - деп жазады Оразғали Селтеев Telegram-арнасында.
- Біздің мемлекеттік аппарат пен халықаралық қатынастар жүйесі Қазақстан аумағында қалай әрекет ететін жақсы білемін, сондықтан саяси прагматизм мен реализмнің қолдаушысы ретінде бұл ұстанымның нақты аспектілеріне тоқтала кетейін:
Біріншіден, саясаткерді сайлаудағы жеңісімен құттықтау - жалпы дипломатиялық атрибут. Бұл, әсіресе екіжақты тығыз қарым-қатынас орнатқан мемлекеттер үшін заңдылық іспетті. Бұл жерде Қасым-Жомарт Тоқаев, мәселен Лукашенконы немесе Зеленскийді құттықтап жатыр ма, арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Естеріңізде болса, 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы болып тұрған кезде билікке барқыт төңкерісі нәтижесінде келген Армения премьер-министрі Никол Пашинянды да құттықтаған.
Екіншіден, мұндай сыпайы ізеттілік посткеңестік кеңістіктегі саяси элиталар арасында 30 жыл бойы дәстүрлі құбылысқа айналған. Сонымен қатар, бұл арада ЕАЭО, ҰҚШҰ және ТМД шеңберіндегі серіктестік факторы да маңызды рөл атқарады. Бұл ұйымдардың мүшелері бір-бірін, ең жоғары лауазымға қайта сайланған көшбасшыны басқа мемлекеттерден бұрын құттықтауға тырысады. Бұл джентельмендер клубының ашық айтылмайтын, бірақ міндетті түрде орындалуы тиіс ережелері іспетті нәрсе. Мәселен, Лукашенконы Путин, Мирзиёев, тіпті сол Пашинянның өзі де құттықтады.
Үшіншіден, жоғары лауазымды тұлғалардың сайлаудағы жеңісіне арналған құттықтау жеделхаттарын жіберу процесі - стандартты алгоритм. Мұндай мәтіндерді Президент Әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімі бірнеше шаблон бойынша алдын-ала дайындайды. Содан соң осы шаблонға тек жарияланған нәтижедегі жеңіске ие адамның аты-жөні енгізіліп, жолдана салады. Яғни, ол мәтінде Лукашенконың да, Тихановскаяның да аты-жөні болу мүмкіндігі бірдей болған. Дегенмен Президент Әкімшілігінің қызметкерлері мәтінге жағдайға сай сөздер ойластыруы керек еді. Сондықтан, Тоқаевтың осы құрылымдық бөлімге қатысты өз сыны болуы да ықтимал. Бұл ретте қазіргі сәттегі жағдайларды ескере отырып, талдау мен болжамның сапасын жақсарту қажет. Сонымен қатар, АП саяси сараптаманы ұсынудың балама көздерін кеңейтуі керек. Жалпы алғанда, нақты саяси процестер дегеніміз осы.
Енді, ең бастысы. Дипломатиялық акт ретіндегі мұндай стандартты құттықтаулар Беларусь билігі тарапынан жасалған барлық заңсыз әрекеттерді қолдауды білдірмейді. Біздің мемлекеттік аппараттағылар әріптес мемлекеттегі жағдайдың осындай деңгейге дейін ушығатынын, Лукашенконың осындай радикальды төтенше қадамдарға баратынын күткен де, болжаған да жоқ, оған сенімдімін, Қоғамдағы құбылыстар мен белгілердің барлық спектріне сүйене отырып, егер Лукашенко әлі де біраз уақытқа дейін билік басында отырса-дағы, одан халықаралық қауымдастықтың теріс айнала бастайтындығына сенімдімін".