Атырау облысында жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспарлануда
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов балық шаруашылығын дамыту мен балық қорын молайту мәселелеріне қатысты селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды zakon.kz Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау өңірі республиканың тек мұнай астанасы ғана емес, сондай-ақ балық өнеркәсібін дамытуға қолайлы аймақ екенін айта келіп, еліміз бойынша ауланатын балықтың шамамен, үштен бір бөлігі Атырау облысына тиесілі екеніне тоқталды.
"Жыл басында Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы Маминнің өңірге жұмыс сапары барысында Атырау облысында балық өнеркәсібін дамыту мәселесі бойынша арнайы жиын өткізіліп, қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берілген болатын. Сондай-ақ, кеше Үкімет отырысында да балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды. Сондықтан, Атыраудың балық шаруашылығы күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Облысымызда осы салада 5 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Тек өткен жылдың өзінде 14 мың тонна балық ауланған" - деді өз сөзінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Кеңес барысында баяндама жасаған Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы ағымдағы жылы "Жайық-Каспий бассейіні" бойынша көктемгі балық аулауға 7434 тонна квота бөлінгенін мәлімдеді.
Күні бүгін бөлінген квота бойынша 6492 тонна балық ауланды, яғни лимит 87 пайызға игерілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 794 тоннаға артық. Балық аулау рұқсаттары арқылы көктемгі маусым ақпан айында басталды. Бұрын квотаның кеш бөлінуіне байланысты, балық аулау маусымы сәуір айында басталып, көктемгі лимиттің игерілуіне кедергі болатын еді. Биылғы науқан коронавирус инфекциясының таралуына тұспа-тұс келсе де өз деңгейінде өтті, - деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Оның сөзінше, балық өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Франция, Литва және Израиль елдеріне экспортталды.
Қазіргі уақытта, облыста 18 балық шаруашылығы кәсіпорнында 617 тұрақты және 4385 адам маусымдық жұмысқа тартылған.
Бекіре тұқымдас балықтарының қорларын сақтап қалу және олардың санын молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 7,5 миллионнан астам бекіре тұқымдас шабақтары жіберілді.
"Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда ауланған бекіре балығының көлемі биыл 1,2 есеге артып отыр. Қазіргі уақытта "Жайық-Атырау" бекіре балық өсіру зауыты мен "Атырау бекіре балық өсіру" зауытын біріктіріп, қайта құрып қуаттылығын артып, жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспарлануда. Облыс көлемінде бұрын болмаған тоғанда балық өсіру жобасы бсаталды. Бұл мақсатта "Восток" және "Тілекші" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен "Абдулов" шаруа қожалығы тауарлы бекіре және тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіру жұмыстарын қолға алуда" - деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Сонымен қатар, кеңесте кеңінен талқыланған мәселенің бірі – Жайық және Қиғаш өзендерінде су маржандарының қолайлы тіршілігі үшін өзен түптерін тереңдету болды.
Осыған байланысты, Атырау қаласында Яицкий арнасы, Құрманғазы ауданынында Ганюшкин және Жарқосы каналдарын (Шароновка өзені) түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар биылғы жылы аяқталады деп күтілуде.
Айта кетелік, бүгінгі күні Жайық өзені түбінің 40 шақырымын тереңдету бойынша жұмыстары басталды. Қазіргі күні 33 шақырымының жұмыстары жасалған. Ал, Қиғаш өзенінің 127 шақырымын тереңдету жұмыстары жоспарланған болса, оның 80 шақырымы тереңдетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы толықтай аяқталады деп күтілуде.
Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов балық шаруашылығын одан ары дамытуға қатысты тиісті лауазым иелеріне бірқатар нақты тапсырма берді.