Сағынтаев: кезекші сыныптарда тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейді
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бірінші сыныпқа баратындарды оқытуға педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері тартылады деген ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды zakon.kz.
Алматының білім саласы қызметкерлерінің "Алматының білім болашағы: жаңа жағдайдағы перспективалық шешімдер" форумында Б. Сағынтаев кезекші топтардағы 1-2 сынып оқушылармен тәжірибелі мұғалімдердің жұмыс істейтінін атап өтті.
"Бірінші сынып оқушыларының ата-аналары жоғары оқу орындарының тәжірибесіз түлектері немесе соңғы курс студенттері сабақ береді екен деп алаңдаушылық білдіруде. Бұған жол берілмейді. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балалармен тәжірибелі мұғалімдер жұмыс жасайтын болады. Еш күдіктенбеңіздер. Білім басқармасына тиісті тапсырмалар беремін", — деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Форумда жаңа жағдайда оқу процессін ұйымдастыру мәселелері талқылануда. Оның ішінде кезекші топтарда санитарлық қауіпсіздікті сақтау, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, педагогтар мен мұқтаж оқушыларды компьютерлік техникамен және интернетпен қамтамасыз ету мәселелері. Сонымен қатар, бала бақшалар мен мектептерде орынмен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері де талқылануда.