"Қара Бүрткіт" түрме бастығының ұсталуына қатысты құзырлы орган түсінік берді
Полиция департаментіндегілер Жітіқара колониясы басшысының пара алу кезінде ұсталуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды zakon.kz.
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, ҰҚК мен Қостанай облыстық ПД ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері бірлесіп операция өткізген.
Қостанай облысындағы ҚАЖ УК-161/3 - төтенше қауіпсіздік мекемесінің бастығы сотталушыға қамқорлық жасау үшін пара алған соң ұсталды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 3-бөлімі, "Пара алу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Қостанайдағы уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген хабарламада.
Қостанай облысы ПД Ішкі қауіпсіздік қызметінің бастығы, полиция полковнигі Жәнібек Қамзеновтің айтуынша, өз қатарларындағы заң бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де талданады. Қарамағындағы қызметкерлері заң бұзушылыққа жол берген жағдайда басшылар да жауапқа тартылады. Жыл басынан бері теріс қылығы үшін 21 полиция қызметкері жұмыстан қуылды, 23-і тәртіптік жазаға тартылып, қызметінен босатылды.
Кеше кешкісін Қостанай облысындағы УК-161/3 - төтенше қауіпсіздік мекемесінің бастығы Арман Әбілев ұсталды. Ол колония бастығы болып өткен жылдың желтоқсанында тағайындалған. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері 700 мың теңге көлемінде параның екінші бөлігін алған жерінен ұсталды. Параның барлық сомасы 1 миллион теңгені құраған. Бұл ақша осы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталушыға жағдай жасап, қолдау көрсету үшін берілген.