Жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау агенттігі немен айналысады - ресми өкіл жауабы
Жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін кім қаржыландырады, ол қандай функцияларды орындайды? Бұл сауалдарға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов арнайы брифингте жауап берді, деп хабарлайды zakon.kz.
- ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі функцияларды қайта бөліп қарастыру тұрғысында жасақталады, яғни, Ұлттық экономика министрлігінің белгілі бір функцияларын осы агенттікке беріледі. Атап айтқанда, бұл стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік басқару саласындағы кейбір мәселелер және мемлекеттік статистиканы дамыту мәселелері бойынша функциялар, - деді Әлихан Смайылов үкіметтегі брифингте.
Агенттіктің қызметін қаржыландыру жоғарыда аталған функцияларды жүзеге асыру үшін бар шығындарды қайта бөлу арқылы жүзеге асырылады.
- Бөлініс бойынша баланс жасалады, ол биылғы жылдың бюджетін нақтылау кезінде және алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қазір Мәжілісте тұрған заң жобалары шеңберінде ескеріледі, - деді бірінші вице-премьер.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа агенттік құруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалар мәселесіне тоқталды. Ол үшін Тоқаевтың айтуынша, РСЖА - мемлекет басшысына тікелей есеп беретін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылады.