Тойға барсаң, "тығылып" бар!
Күні кеше Ақтауда, анау-мынау емес, білдей бір шенеунік қатысқан ұлы той өтті. Күйеу бала да жай адам емес екен. Сонымен, бүгінгі күннің "батырлары" кімдер? Әдетте, байманаптар заң бұзса да, сытылып шығып кететінін жасырмаймыз. Ал бұл жолы жазалана ма? Заң бәрімізге бірдей ме?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
5 секундтық видео. Тым қысқа болса да, үйлену тойы екенін түсіндік. Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкері қатысқан-ды. Ал күйеу жігіт ірі мұнай-газ компаниясының бұрынғы басшысының ұлы екен.
Иә, ұмытпа сен құрбым, есте қалсын мәңгі бұл күн. Сөзсіз есте қалатын болды. Тағы да Маңғыстау облысы Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының жетекшісі туған күнін атап өтті. Кештің көңілді өткеніне дау жоқ.
Алайда, "аталған қос дерек бойынша жоспардан тыс тергеу басталды. Санитарлық нормаларды бұзуға жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады", деді Тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Ал мынау, астанамыз – Нұр-Сұлтан. Тура әкімдіктен 100 метр жерде күнде той.
"Тойды өкіртіп жатыр ғой. Воск 200 адамға той болады. Тығыз ғой. Олар все равно алды. Дүйсенбі бар 150 адам. Все дни забиты бар ғой".
Өзі той көп деп мәз. Тиіп тұрған әкімдік көрмей ме, әлде көрсе де көрмегендей ме?
Тойларды өткізіп жатырмыз. Қорықпаңыз. Барлық жауапкершілікті аламыз. Акиматпен өзіміз сөйлесеміз. Қорықпаңыз.
Мұхамедияр Қожекенов, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратының басшысы:
"Бұндай мүмкін емес ол. Біз ешкімге рұсқат беру, крышовать ету деген жоқ".
Өздеріне шаң жуытпаған әкімдік, бірге барып, той үстіне түсейік, тарқатайық, хаттама толтырып, айыппұл салайық деді. Жоқ. Қуаныштың шырқын бұзуға дәтім бармады. Әсілінде, мұндай заңбұзушылықтың алдын алу олардың міндеті. Бірақ байқасақ, тойды тыюдың орнына шенеуніктердің өзі заң бұзып жүр. Бәлкім думанды сағынған шығар. Ал біз, әкімдіктен шығып, тойханаға кірсек, той қызып жатыр екен.