Жоғарғы Сот отбасылық дауларды шешудің жаңа сипатын таныстырды
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері Жоғарғы Сотта болып, Жоғарғы Сот Төрағасымен және судьяларымен сот жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды zakon.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат депутаттары Жоғарғы Сот коммуникациялар орталығының қызметімен танысты, оның жұмысы соттардың халықпен кері байланысын жақсартуға, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі сыни жарияланымдарға жедел ден қоюға бағытталған.
Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов сот жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Оның ішінде судьяларды іріктеу рәсімдерін, оларды бағалау және жауапкершілігін арттыру жүйесін жетілдіру туралы хабардар етті.
Сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізуді одан әрі жетілдіру, тергеу соттарының жұмысын оңтайландыру, әкімшілік әділет жүйесін енгізу және басқа да маңызды тақырыптар талқыланды. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануын маңызды оқиға екенін атап өтті.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық процеске тартылған азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, соттардың әділ және заңды шешімдер шығаруы, жаңа кәсіби кадрларды тарту, судьяларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы "Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы" екенін айтты. Осыған орай депутаттарды да Мемлекет басшысы жария еткен барлық бастамаларды іске асыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр" - деді Владимир Волков.
Депутаттарға отбасылық дауларды қарайтын жалпы юрисдикция соттары қатысатын "отбасылық сот" пилоттық жобасы таныстырылды. Жоба аясында судьяларға психологтар, медиаторлар және басқа да мамандар көмек көрсетеді. Жоба бастамашылары мұндай тәжірибе дауларды тиімді шешуге, отбасыларды сақтауға және кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретініне сенімді.
Кездесуде COVID-19 пандемиясы және карантин кезіндегі сот органдарының жұмысы туралы да айтылды.
Сапар барысында Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков қазақстандық құқықтық жүйе бір орында тұрмайтынын, сот арқылы қорғау тетіктері жетілдіріліп жатқанын атап өтті. Заманауи халықаралық стандарттарды ескере отырып қабылданған заңдар сот құрылысын жаңғыртуға, сот төрелігінің ашықтығы мен айқындығын, сот істерін қараудың тиімділігі мен сапасын арттыруға, биліктің сот тармағының тәуелсіздігіне және судьялардың мәртебесін арттыруға бағытталғанын жеткізді.
Депутаттық корпус өз кезегінде Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын іске асыру үшін заңнамалық қолдауды сапалы әрі жедел қамтамасыз ететін болады.