Жұмыссыз азаматтар қайтарымсыз грантқа қол жеткізді
Қайтарымсыз несие Маңғыстау ауданының 65 тұрғынына берілді. Грантқа ие болғандар ішінде көп балалы отбасы мүшелері, жұмыссыздар, атаулы жәрдемақы алатын азаматтар мен бизнесін дамытқысы келетін жастар бар, деп хабарлайды zakon.kz.
Биыл еліміздегі карантиндік шараларға байланысты көптеген кәсіпкерлік нысанға шектеу қойылғанымен, алдағы уақытта өз кәсібін дамытамын деуші кәсіпкерлер аз емес. Әсіресе, мал шаруашылығы өнімдеріне қазіргі таңда сұраныс көп. Сол себепті кәсібін дөңгелетуге несие алып, жұмысын бастағасы келетін 40-тан астам тұрғын "Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Маңғыстау филиалы арқылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы арқылы 181,4 миллион теңге қаржылай несие алды. Жыл басынан бері 58 тұрғынның кәсібін бастау үшін несиеге тапсырған құжаттары мақұлданды, - деді Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Асқар Аққұлов.
Сонымен қатар "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы құжаты мақұлданған 15 адам 298,6 миллион теңге көлемінде төмен пайызды несиеге қол жеткізді. Ал екі кәсіпкер " Атамекен" шағын несие ұйымынан 9,8 миллион теңге алды. Аудан бойынша бизнес идеясын іске асыруда кездесетін қиындықтарды қалай жеңу керектігіне толыққанды мағлұмат беретін курстан жыл басынан бері 62 адам өтіп, сертификат алды. Жұмыссыз 112 азамат "Бизнес бастау" курсын оқып шықты. Ал қазіргі уақытта 31 адам білім алып жатыр.