Жаңалықтар тізбегі
0

Соңғы 20 жылда ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артты – БҰҰ

inbusiness.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.09.2020 15:31 inbusiness.kz
Баяндамада ауыл шаруашылығы мен азық-түлік нарықтарының тұрақты дамудың қозғаушы күші ретінде атқара алатын рөлі ерекше айқындалған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жариялаған жаңа баяндамаға сәйкес, 1995 жылдан бері жаһандық агроөнім саудасы екі еседен астам мөлшерге ұлғайып, 1,5 трлн АҚШ долларын құраған; ал экономикасы өтпелі және дамушы кезеңдердегі мемлекеттер экспорты ұдайы артып, жалпы әлемдік экспорттың үштен бірінен асып түскен, деп хабарлайды zakon.kz.

"Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығындағы ахуал, 2020 жыл" баяндамасында (СОКО 2020) жаһандық сауда мен тұрақты жұмыс жасайтын нарықтар инклюзивті экономикалық өсім мен тұрақты дамуды нығайту мен күйзелістерге төзімділікті арттыру арқасында даму үрдісінің негізін қалайтындығы айтылған.

"Біз жаһандық азық-түлік жүйесінің елеулі бөлігі болып табылатын нарықтарға арқа сүйеуіміз қажет. Бұл COVID-19, шегірткенің жайылып кетуі немесе климат өзгерістері сияқты күрделі күйзелістер жағдайында аса маңызды", - деп ФАО Бас директоры Цюй Дунъюй алғысөзінде жазды.

Жаһандық аграрлық азық-түлік өндіру-өткізу тізбектерінің рөлін арттыру

Баяндамада келтірілген деректерге сәйкес, ауылшаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің әлемдік экспортының шамамен үштен бірі жаһандық өндіру-өткізу тізбегі аясында сатылып, шекараларды кем дегенде екі рет кесіп өтеді.

Жаһандық өндіру-өткізу тізбектері рөлінің артуына табыстың өсімі, сауда-саттық барьерлерінің төмендеуі мен техникалық прогресс себеп болды. Бұл нарықтар мен сауда үрдістерін қайта құрып, әр түрлі аймақтар мен елдердегі шаруалар, сатушылар мен тұтынушылар арасында байланыс орнатты.

"Жаһандық өндіру-өткізу тізбектері дамушы елдердің жаһандық нарықтарға интеграциялануын жеңілдете алады. Олар біздің азық-түлік нарықтарымызды тығыз байланыстырып тұрғандықтан, сонымен қатар, тұрақты дамуды нығайту мақсатында алдыңғы қатарлы тәжірибемен бөлісу механизмі де бола алады", - деді ФАО Бас директоры.

Шағын шаруа қожалықтары, өз кезегінде, жаһандық өндіру-өткізу тізбектеріне қатысу арқылы өндіріс көлемін кеңейтіп, табысын арттыра алады. Баяндамаға сүйенсек, қысқа мерзімді келешекте жаһандық өндіру-өткізу тізбектеріне ауыл шаруашылығы саласының қатысуы 10% кеңейсе, нәтижесінде еңбек өнімділігі шамамен 1,2% артуы мүмкін.

Алайда жаһандық өндіру-өткізу тізбектеріне қатысу артықшылықтары шағын шаруалар үшін жиі қолжетімсіз болып қала береді. Одан басқа, азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын қатаң талаптары бар жаһандық өндіру-өткізу тізбектерінің құрылуы шағын шаруалардың бұдан бетер шеттетілуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

"Біз шағын шаруалардың заманауи өндіру-өткізу тізбектеріне қатысуын арттыру шараларын күшейтуіміз керек, бұл ауыл тұрғындарының табысын және ауылдық әрі қалалық аймақтардағы тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", - деді Цюй Дунъюй.

Бұл мақсатқа жету үшін нарықтар дамуына үлес қосып, шағын шаруалардың жаһандық өндіру-өткізу тізбектеріне қатысуын қолдауға жағдай жасайтын шараларды кеңінен жүзеге асыру қажет – олардың қатарына, мысалы, ауылдық инфрақұрылым мен қызметтер, білім беру мен өндіріс технологияларын жақсартуға бағытталған шаралар кіреді .

Сандық технологиялар нарықтар жұмысын жақсартып, шаруалардың аталмыш нарықтарға қолжетімділігін арттыруына ықпалдаса алады. Азық-түлік тауарларын электронды сату сияқты инновациялар шаруалар үшін де, тұтынушылар үшін де пайдалы болуы мүмкін. Алайда, сандық инновациялардан түскен табыстың белгілі бір бөлігі халықтың кедей топтарына жетуі үшін, бүгінгі күні орын алған ауыл шаруашылығындағы сандық алшақтықты қысқартуымыз қажет.

Ауыл шаруашылығы өнімдері жөнінде келісімшарт жасасу мен блокчейн технологиялары сияқты инклюзивті бизнес-модельдерге ауысу шаруаларға заманауи әрі күрделі өндіру-өткізу тізбектеріне тиімді қосылуына көмектеседі.

Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдері жөнінде келісімшарт жасасу шаруа қожалықтарының табысын жарты еседен артық көбейте алады. Бұған келісімшарт жасасу немесе контрактация мәселелері жөніндегі негізгі зерттеулер сараптамасы дәлел. Алайда, баяндамада өнім контрактациясының шаруалар табысына тигізетін әсерінен басқа, әр алуан салдарлары туралы ақпараттың жетіспеушілігі атап өтіледі.

Ауыл шаруашылық және азық-түлік нарықтары тұрақты дамуға қалай үлес қоса алады?

Баяндамада ауыл шаруашылығы мен азық-түлік нарықтарының тұрақты дамудың қозғаушы күші ретінде атқара алатын рөлі ерекше айқындалған.

Құжатқа сәйкес, ерікті тұрақтылық сертификациясының үлгілері мен стандарттарын қолдау мен кеңінен қолдану ауыл шаруашылығы саласында, мысал үшін, экономикалық, экологиялық және қоғамдық мүдделердің тепе-теңдігін сақтап тұруға септігін тигізе алады.

Тұрақтылық сертификациясының үлгілері әділ сауда, интеграция, кемсітпеушілік және қоршаған ортаға қауіпсіз агротехнологиялардың дамуына үлес қосады. Олар, сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекке тыйым салу мен инвестицияларды қолдау сияқты мәселелердің шешімін табуға көмектесе алады.

Мәселен, Угандада кофе өсірумен айналысатын шағын шаруалардан жиналған деректерге сай, тұрақтылық сертификациясынан өткен отбасылар сертификациядан өтпеген отбасыларға қарағанда, балаларының біліміне 146% көбірек қаражат жұмсап, балаларын мектепке неғұрлым ұзақ уақыт бойы барғанын қолдайды екен.

Ормандарды тиімді пайдалануға атсалысатын сертификация жүйелері жөніндегі тағы бір зерттеуге жүгінсек, Эфиопия ормандарының көлеңкесінде кофе өсіру орман деградациясын баяулатуға көмектесе алады екен.

Банандар әлемде ең кең сатылатын тропикалық тауардың бірі болып саналса да, олардың тек 5-8% ғана тұрақтылық стандарттарына сай, дейді баяндама деректері.

Сауда мен нарықтар дамуы – тенденциялар мен қозғаушы күштер

- Техникалық прогресс, кенттену, халық саны мен табысының артуы, жол-көлік шығындарының қысқаруы, сауда саясаты мен орташа әкелім баждарының төмендеуі ауыл шаруашылығы мен азық-түлік тауарларының халықаралық саудасының қозғаушы күштері болып саналады.

- Табысы орташадан жоғары және орташадан төмен елдер ауыл шаруашылығы тауарларының әлемдік экспортындағы ортақ үлесін 2001 жылғы 25%-дан 2018 жылы 36%-ға дейін арттырды.

- 1995 жылдан бері аграрлық азық-түлік тауарларының әлемдік саудасы нақты көріністе екі есеге артса да, 2008 жылдан кейін оның өсім қарқыны біршама баяулады. COVID-19 аталмыш жағдайды одан бетер ушықтыра түседі деп күтілуде.

- 2008 жылғы қаржы дағдарысы мен одан кейінгі экономикалық құлдырау аграрлық азық-түлік саласындағы жаһандық өндіру-өткізу тізбектерінің дамуын баяулатса, COVID-19 індеті олардың жаһандық сауда мен өсім факторы ретіндегі рөлін әлсіретуі ықтимал.

- Сандық технологиялар азық-түлікті өндіру мен өткізу тізбектерінің әр кезеңін қайта құрады – шаруадан біздің дастарханымызға дейін. Олар тиімділікті арттыру, жұмыс орындарын құру мен ресурстарды үнемдеуге атсалысады. Алайда, техникалық инновациялардың мүмкін болатын салдарлары біздің азық-түлікті өсіру, өңдеу, сату мен тұтынуымызға қалай әсер ететінін болжау әлі де қиын.

- Еуропа мен Орталық Азия, Шығыс Азия мен Тұнық мұхит аумағы елдері әдетте тауарларын өз аймақтарындағы нарықтарда ұсынса, Оңтүстік Азия, Латын Америкасы мен Кариб бассейні, Сахара оңтүстігіндегі Африка, Солтүстік Америка, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері жаһандық саудаға бейім. Сахара оңтүстігіндегі Африка, сондай-ақ Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінің ауыл шаруашылық тауарлары экспортының шамамен 90% басқа елдерге жөнелтіледі.

- Сауда-саттық жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану сапасын қамтамасыз етуде әлі де маңызды рөл атқармақ. Бұл азық-түліктің артық қалған аймақтардан жетіспеушілікке тап болған аймақтарға жеткізілуі арқылы жүзеге асатын болады.

- Аймақтық сауда келісімшарттары жаһандық өндіру-өткізу тізбектеріне қатысуды ынталандырып, институционалды және саяси реформалар үрдісін тездетуі мүмкін. Алайда, әлсіз мемлекеттер әлі де жаһандық нарықтарға тәуелді болып қала бергендіктен, көпжақты сауда жүйесін дамыту аса маңызды.

- Аграрлық азық-түлік тауарлары саудасының басым бөлігін өңделген азық-түлік тауарлары құрайды.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: