"Nur Otan" Орталық және Шығыс Қазақстанға арналған бағдарламаларын ұсынды
"Nur Otan" әр өңір, қала және аудан бойынша 216 сайлауалды бағдарламасының жобаларын жариялауды жалғастыруда. Билеуші партияда алдағы 5 жылда Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарын қандай өзгерістер күтіп тұрғаны айтылды, деп хабарлайды zakon.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен, партияның Шығыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының жобасында 2025 жылға дейін өңірде шамамен 130 мың жұмыс орнын құру және орташа жалақыны 202 мың теңгеге дейін арттыру міндеті қойылған. Бұл ретте "Nur Otan" еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, 1,5 мың адамды жыл сайын қайта даярлауға ықпал етуді жоспарлап отыр.
Шаруаларға барынша қолдау көрсету үшін партия жыл сайын 50-ге жуық түрлі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды ұсынады. Бұл – сүт-тауарларының фермаларын салу, бордақылау алаңдарын құру, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету және т.б.
Өңірдің туристік әлеуетін іске асыру мақсатында Алакөл көлінің жағалауын дамыту, Үржар ауылындағы әуежайды қайта жаңарту және Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салу көзделіп отыр.
Автожолдардың сапасын кезең-кезеңмен жақсарту үшін алдағы 5 жылда барлық аудандарда 2,5 мың шақырым жолды және 76 ауылдағы көшелерді жөндеу жоспарлануда.
2025 жылға дейін партия алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың 15 минуттық жерде орналасуын қамтамасыз ету міндетін қояды. Бұл ретте партия Семей қаласында Ядролық медицина орталығын, Гематология орталығын және Өскемен қаласында 300 төсектік көп бейінді аурухананы, сондай-ақ Үржар, Күршім, Тарбағатай аудандарында дәрігерлік амбулаториялар салуға жәрдемдесетін болады.
Партия өзінің сайлауалды бағдарламасы аясында барлық мұқтаж балаларды 100% қамти отырып, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасауға қол жеткізбек. Балалар мен жастар арасында бұқаралық спортты дамыту үшін партия әртүрлі елді мекендерде 11 дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін, 2 бассейн, шағын спорт алаңдарын, стритворкаутқа арналған алаңдарды және хоккей корттарын салу есебінен спорттық инфрақұрылымды кеңейтуді қолға алады.
Индустриялық сектордың локомотиві болып табылатын Қарағанды облысында "Nur Otan" жыл сайын кемінде 30 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндетін қойып отыр. Сайлауалды бағдарламаның жобасы өнеркәсіпті, құрылыс саласын, ауыл шаруашылығын, әлеуметтік инфрақұрылымды және т. б. одан әрі дамытуға бағытталған.
Өңірде қоршаған ортаға үлкен ауыртпалық байқалатындықтан, партия ауаға ластаушы заттардың эмиссиясын 560 мың тоннаға дейін төмендетуді қамтамасыз ету және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2025 жылға қарай 27%-ға дейін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.
Ол үшін алдағы бес жылда "Қазақмыс" және "Арселор Миттал" кәсіпорындарындағы шаң және газ ұстау жабдықтарын жаңартып, "Сарыарқа" магистральдық газ құбырына қосылу қажет. Кеңгір кентінде биоэлектр станциясын, Жаңаарқа ауданында қоқыс сұрыптау кешенін, Қарағанды қаласында қоқыс жағатын және қоқыс өңдейтін зауыттар салу жоспарлануда. Мемлекеттік орман қоры аумағында да, өнеркәсіп кәсіпорындарында да жасыл аймақтардың ауқымы ұлғайтылатын болады.
Сонымен қатар, партия Қарағанды, Балқаш, Қаражал, Теміртау, Саран және Жаңаарқа ауданында су құбыры желілерін салу мен қайта жаңартуға қол жеткізетін болады. Бүгінде олардың тозуы 85%-ды құрайды. 250 көппәтерлі тұрғын үй мен 50 нысанды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін орталық қазандықтың құрылысын аяқтауды қамтамасыз ету көзделуде. "Nur Otan" 180 ауылда сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жөндеуден өткізуді қолға алмақ.
Сондай-ақ, 2025 жылға қарай 30 мың пәтерге жуық тұрғын үй салу жоспарлануда.
Білім беру саласында партия мүшелері облыстың 100 мыңға жуық оқушысына тегін ыстық тамақ беруді ұйымдастыруды, Қарағанды және Қарқаралы қалаларында 4 студенттік жатақхананың құрылысын, сондай-ақ Жезқазған қаласында жаңа балабақшалардың ашылуын қамтамасыз етпек. Бұл өз кезегінде 2025 жылға қарай 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтуды 100%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірлердің сайлауалды бағдарламаларының жобаларымен толығырақ primaries.kz сайтынан танысуға болады. Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл бағдарламалар түпкілікті емес, ол краудсорсинг қағидаты бойынша халықтың пікірін ескере отырып пысықталмақ.