Қазақстандық тірі Барби. Тағы бірнеше рет ота жасатам дейді
Осыған дейін ондаған ота жасаған қазақстандық Барби ойымдағы мінсіз келбетіме әлі де келмедім дейді. Жасы жиырмадан енді асқан арудың денесінде хирургтың инесі тимеген жері қалмаса да, ол әлі талай ота жасаймын деп бекініп отыр. Жалпы пластикалық операция жасататын нәзік жандар неге көбейіп барады? Бұған қатысты дәрігерлер не дейді?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Әлеуметтік желіде қазір осындай сарындағы маскалар көп. Виртуалды әлемде оларды жай қызық үшін, бір-екі рет қолданып көреуге болатын шығар. Бірақ шын өмірде мұндай келбеттен Құдай сақтасын. Бірақ, біз үшін бұл ерсі көрінгенімен, кей бұрымды үшін бұл нағыз сұлулықтың символы іспеттес.
Иә, пластикалық ота дегенде тоқтай алмайтын арулар көп. Шетелде ғана емес, ел ішінде де жетеді.
Бұл қазақстандық барби атанған ақсайлық Елена есімді ару. Жасы небәрі 21-де. Келбетін кукладай қылу үшін осыған дейін бас-аяғы 10 млн теңге жұмсапты. Бірақ мұнымен тоқтайын деп жатқан ол жоқ. Белінің өлшемі 35 см болғанын армандайды. Қазір бақандай 47 екен.
Елена Рагузова, модель:
"Меніңше, мен шектен шығып бара жатқан жоқпын. Мен әлі өз образымды іздеп жатырмын. Алдағы уақытта тағы бірнеше ота жасамақпын. Әуелі кеудемді үлкейткім келеді"
Арудың сөзінше, образын даттайтындардан гөрі, жақтайтындар көп. Тіпті сұлулығына басы кеткен жігіттердің санында шек жоқ екен. Қазақстандық барбиді әрі қарай өзгеруге шабыттандыратын да солар көрінеді.
Елена Рагузова, модель:
"Қоғамның маған деген пікірі әр қилы. Жақтайтындар көп, дегемен жаман сөздер жазатын хейтерлердің барын да жасырмаймын. Бірақ мен оларды мүлдем тыңдағым келмейді. пікірлеріне түкіргенім де бар. Өйткені мен өзімді әдемі және олардан жоғары санаймын".
Өздерін өзгелерден әдемі әрі жоғары санайтын Елена ғана емес. Еліміде жасанды сұлулықтың соңынан жүгіргендердің саны көбейіп, ота жасатқандардың қатары жылда жасарып барады екен. Сұраныспен бірге, баға да өсіп жатыр.
Әлімжан Романкулов, пластикалық хирург:
"Адамдар пластикалық операцияға ақша аямайтын болған. бір мезетте бірнеше отаны жасап тастай алмайсын. Олай болмайды да. Тек қана ол әйел емес, қомақты қаражат құятындар баршылық. Көзінің түсін өзгертіп, ернін үлкейтеді. Осылай кете береді".
Ал психологтар мұндай тенденцияны ауруға балап отыр. Пластикалық отаға тәуелдіктің соңы жақсылыққа апармайды дейді. Ал бұған кімдер әуес өзі ?
Балабек Сақтағанов, психолог:
"Біріншіден бала кезден бір дене мүшесі ұнамайтындар, екіншісі адамдар өмір сүру барысында бір дене жарақатын алып, соны өзгерткісі келеді. үшіншісі әлеуметтік желіде жұлдыздардың ота жасатып, оны жарнамалауы кей азаматтарға операция жасауға итермелейді".
Бұл ретте айта кететін жайт. Пластикалық ота жасаймын деп, табиғи келбетін, Құдай берген бетін масқарадай қылғандары қаншама. Сондай-ақ жасанды сұлулықтың соңынан қаракөздеріміз ғана емес, тепсе темір үзуі тиіс кей ер азаматтарымыздың өзі де жүгіретінін ұмытпаған абзал. Хош, бұл енді басқа тақырып.