Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке барды
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Шымкентте медициналық құрал-жабдықтар, медициналық жиһаздар мен көліктер шығаратын кәсіпорында болды, деп хабарлайды zakon.kz.
Елбасы сайтының мәліметінше, 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Казмедприбор" ЖШС 15 мыңнан астам медициналық құрал-жабдық, 120 мыңнан астам медициналық жиһаз бен 742 жедел жәрдем көлігін жасап шығарды. Кәсіпорын 2005 жылы құрылған.
Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов Елбасыға жеке инвестордың қаражатына салынатын 1000 орындық көпсалалы университеттік аурухана құрылысы туралы ақпарат берді. Жаңа медициналық мекемеде ана мен бала орталығы, хирургиялық, терапевтік орталықтар, сонымен қатар бір ауысымда 700 адамға қызмет көрсететін клиникалық-диагностикалық орталық жұмыс істейтін болады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы А. Есімов пандемия кезінде ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан денсаулық сақтау жүйесі мен отандық өндірушілерді қолдау үшін қабылданған шаралар туралы айтты.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа елорда мен Алматыда медициналық орталықтар салу жөніндегі тапсырманың орындалу барысы баяндалды. Есімов Елбасына 3000 дана көлемінде "Авифавир" дәрісін сатып алу және коронавирусқа қарсы вакцина жеткізу бойынша жасалған келісім туралы мәлімет берді.