Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстанға жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң керек пе?

Мәжілістің баспасөз қызметі, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.10.2020 22:11 Мәжілістің баспасөз қызметі
Барлық дамыған елдерде "жеке тұлғалардың банкроттығы" туралы заң бар.

Қазақстан азаматтары өздерін банкрот деп жариялай алмайды. Себебі, ондай құқығы жоқ! Сондықтан, көбіне қарызын қайтара алмай немесе несиесін төлей алмай жүрген жандар коллекторлардың тұзағына түсіп жатады. Сондықтан амалсыз мойынындағы несиелерін жабу үшін тағы кредит алады. Оның соңы не болады? Әрине, осылайша қарызға белшеден батады. Бұл көбіңізге таныс жағдай деп ойлаймын.

Сандарды сөйлетсек. 2019 жылғы статистика былай дейді. Жалпы берешек сомасы барлық тұтынушылық кредиттерді қоса есептегенде 4 трлн теңгеден асады. Қазақстан халқының 27%-дан астамы несие алған, мойындарында қарызы бар. Ол елдің экономикалық белсенді халқының 55%-дан астамын құрайды. Яғни жұмыс істейтін он адамның әрбір алтыдан біреуінде кредит бар. Ол: ипотекалық қарыз, автокредит бойынша алынған несие, бизнес-кредитті есептемегендегі көрсеткіш. Бірақ бүгінгі күні бұл көрсеткіш еш азайған жоқ, қайта көбейді.

Коллекторлардың борышкерлерді жиі мазалайтыны жайлы қазақстандықтар көп айтады. Соның салдарынан қарыз алушының да тіпті кейде кепіл болған адамның да мазасы кетеді. Тіпті өмірі күл-талқанға айналады. Коллекторлардың мақсаты: қорқыту ма? қорғау ма? Ол жағы түсініксіз. Бір анығы біздегі барлық кредиттік жүйе банктің мүддесін қорғауға бағытталған.

Барлық дамыған елдерде "жеке тұлғалардың банкроттығы" туралы заң бар. Ол заңдар барынша азаматтардың құқықтарын қорғайды және тек пайда табуға бағытталған банктердің мүдделерін шектеуге мүмкіндік береді.

Бұл идея негізінен, ең алдымен – АҚШ-та жүзеге асырылды, онда банкроттық туралы алғаш рет XIX ғасырдың өзінде айтыла бастаған. Бір ғасырдан кейін бұл процедураны Еуропа елдері де қабылдады. Банкроттық туралы заңнаманың негізгі мақсаты: адал борышкердің мүлкін несие берушілер арасында әділ бөлу, борышкерді қарыздан босату және оған бизнесін қайтадан бастауға мүмкіндік беру.

Сонымен, АҚШ – та жеке тұлғаның банкроттығы өте кең таралған құбылыс. Банкроттық деп жариялауға мәлімдемені борышкердің өзі (ерікті банкроттық) немесе несие беруші арыз бере алады, бұл жағдайда ол мәжбүрлі банкроттық болып табылады. Мұндай іс жергілікті федералды банкроттық сотында қаралады және банкроттық туралы кодекспен реттеледі.

Егер борышкердің тұрақты табысы бола тұра бірақ оның көлемі барлық қарыздарын өтеу үшін жеткіліксіз болса, онда оның бар мүлкін тартып алмайды. Ол өз мүлкіне билік ету еркіндігіне ие болады. Бірақ шарт бойынша ол қарызын тез арада төлеуге міндеттеледі.

Егер банкрот деп жарияланған тұлға қарызын өтеуге еш мүмкіндігі болмаса онда оның мүлкі жазып алынады да артынша сатылады, ал содан түскен табыс кридиторларға қайтарылады.

Жалпы, АҚШ-та заңның негізгі қағидасы "freshstart" ("жаңа бастама") деп аталады және адамды мүмкіндігінше тез қарыздардан босатып, оған өз ісін қайта бастауға мүмкіндік береді.

Бірақ, бір теріс тұсы: банкроттық туралы жазба несие тарихында 10 жыл бойы сақталады. Ал, ол жаңа несие алу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.

Ұлыбританияда жеке тұлға үш жағдайда банкрот болуы мүмкін: борышкер сотқа өзі жүгінген кезде, кредитор сотқа жүгінсе немесе борышкер кемінде 750 фунт (шамамен 485 мың теңге) берешегі болған кезде, сондай-ақ борышкердің кредиторлармен бітімгершілік келісім талаптарын бұзуы себебінен конкурстық басқарушы сотқа жүгінсе банкроттық жарияланады.

Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін борышкер тұрмыстық заттарды, киім-кешектерді, жиһаздарды жалпы өзіне қажетті құралдар мен арзан көлікті қалдыра алады. Сондай – ақ банкрот зейнетке шығу құқығын сақтайды. Зейнетақы жинақтарын төрелік басқарушы ала алмайды.

Ал Қазақстан Республикасында заң бойынша кредиторларға банкроттың зейнетақы жинақтарынан 50% - на дейін алуға болатын норма бар!

Ресейде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның оң тұстары да бар: несиелер мен қарыздар бойынша қарыздарды есептен шығару; мүлікке тыйым салуды алып тастау; атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру; айыппұлдар мен пайыздардың есептелмеуі; барлық қарыздарды үмітсіз деп тану. Сондай-ақ, заңмен өндіріп алынбайтын мүлік қорғалған: жеке қаражат есебінен сатып алынған, сыйға немесе мұраға алынған, банкроттық туралы өтініш берілгенге дейін өтелген ипотека арқылы сатып алынған жалғыз тұрғын үй; үйге арналған заттар, тамақ, киім, аяқ киім; борышкердің кәсіби қызметіне қажетті мүлік; борышкерге және асырауындағыларға күнкөріс минимумы; жүріп-тұруға қажетті мүгедектің мүлкі; наградалар, сыйлықтар; Мүгедектігі бойынша зейнетақылар мен жәрдемақылар, әскери зейнетақы, балаға төленетін жәрдемақы.

Теріс тұстары: банкроттық деп танылғаннан кейін 5 жыл бойы кредиттер мен қарыздар алу мүмкіндігінің болмауы; 3 жыл ішінде заңды тұлғалардың басқару органдарында басшы лауазымдарға орналасуға тыйым салу жатады. Сондай-ақ, сот тәркіленген мүлікті толық сатпайынша борышкер Ресей Федерациясының шекарасынан шыға алмайды. Сот тыйым салуға құқылы.

Мүліктік және азаматтық құқықтардың шектеулеріне қарамастан, бұл заңды адамгершілік тұрғысынан қолайлы деп санауға болады. Сондай-ақ Дүниежүзілік Банктің есебінде тұтынушылық банкроттықтың негізгі ұзақ мерзімді мақсаты адал борышкерді экономикалық қалпына келтіруге қол жеткізу болып табылатыны атап көрсетілген.

Қазақстанға да осындай заң қажет.

Ол туралы 10 жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеке тұлғаларға қатысты банкроттық туралы заңды 2015 жылы әзірлеуді тапсырды, ал 2018 жылдың қаңтарында және 2018 жылғы Жолдауында шенеуніктерге оны жеделдетіп, 2018 жылдың соңына дейін қабылдау қажеттігін айтты. Бірақ, өкінішке орай, заң әлі қабылданған жоқ. Сонымен қатар, 2018 жылдың сәуір айынан бастап заң жобасы "банкроттық туралы" заңнан "төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы" заңға өзгертілді. Қазір бұл шара 2023 жылға дейін кейінге қалдырылды.

Бұл заң тек борышкерлерге ғана қажет емес. Негізінде банкроттық жағдайларының тек 40% — ын тікелей борышкерлер құрайды, ал қалған банкроттық істерді басқа мүдделі тұлғалар бастайды (мысалы, несие берушілер). Ресейдегі Заң тәжірибесі соны көрсетті.

Бұл ретте жаппай банкроттықтан қорықпау керек. Осы ретте тағы да Ресейдің тәжірибесін еске түсірсек. Ресейдің Орталық Банкінің экономистері заңның мақсатты аудиториясын қолданатындар саны 600 мыңнан астам адам болады деп топшылады. Бірақ 2015 жылы заң қабылданғаннан кейін бір жыл өткен соң банкроттық рәсімін 600 мың борышкердің 1000-ға жуығы, яғни 0,2% - ы ғана пайдаланды. Сондықтан, экономикалық жүйелер мен халықтың менталитетінің ұқсастығын ескере отырып, біз мұндай заңның енгізілуі жаппай банкроттыққа әкелмейді деп толық сеніммен айта аламыз.

Шет елдердің тәжірибесін зерттеу арқылы заңды қабылдау қажет. Сонда біздің елімізде шикі емес толық, жеке тұлғалардың құқын таптамайтын заң қабылданады деп санаймын. Қазақстандық азаматтарда білім беру кредиттік ресурстары есебінен ақылы білім алу мүмкіндігі бар екенін білеміз. Алайда, ол тек білім алушылардың өздерн ғана емес, студенттердің ата-аналарын да банкроттыққа әкелу қаупі бар. Бұл тұрғыда студенттік банкроттық тәжірибесін зерделеу қажет. Бірақ бұл бөлек әңгіме.

Осылайша, Қазақстан Республикасының жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңын енгізу және іс жүзінде оны жүзеге асыру көптеген мәселелерді қамтиды. Ал, оларды шешу терең талдауды, шетелдік тәжірибені мұқият зерттеуді талап етеді.

Бұл заңды көп кешіктірмей қабылдауымыз керек. Ол қадамды неғұрлым тезірек жасау керек. Сонда тым болмағанда "жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң аясында, азаматтарды қорғау параметрі бойынша дамыған мемлекеттер қатарына қосыламыз.

Смаилов Бауыржан, кәсіпкер, ҚР Парламенті Мәжілісінің IV шақырылымының депутаты

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: