Әскери бөлімнен қару ұрлағандарға үкім шықты
Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінен қару ұрлаған бірнеше айыпталушы әртүрлі мерзімге сотталды. Оның ішінде басты фигурант атанған Абылай Балғынбай 10 жылға абақтыға жабылды. Бірақ, ол судьяның шешімімен келіспей отыр.
Сондай-ақ, бұған дейін кепілмен босатылған екі сыбайласының бірі сот залынан қамауға алынса, екіншісі жазадан құтылып шықты. Кезінде бүкіл құқық қорғау органдары мен Қорғаныс министрлігінің жауапты қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызған оқиға жайында Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұған дейін екі рет күні мен уақыты ауыстырылған сот үкіміне басты айыпталушы Абылай Балғынбай ғана айдауылмен жеткізілді. Оның екі сыбайласы кепілмен босатылғандықтан залда отырды. Ал, қалған 4 сотталушы үкімді тергеу абақтысынан онлайн түрде тыңдады. Келісімшартпен істеген Абылай Балғынбай өзі қызмет еткен әскери бөлімнен 29 дана АК-74 қаруы мен 400-ден астам оқ-дәрі және 16 Макаров тапаншасын ұрлағаны үшін 10 жылға сотталды. Сот оны кіші сержант әскери атағынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді белгіледі. Тергеу абақтысында өткізген әрбір күні бір жарым күнмен теңестірілді.
Жәмила Төленова, Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы:
"Сотталған Абылай Балғынбай ұрланған атыс қарулардың біразын өз үйінде, 8 тапаншаны Бадам ауылының сыртындағы мұсылман мазараты ішінде тығып сақтаған. Содан кейін Абылай Балғынбай өзі ұрлап алған Макаров тапаншаларын сатып пайда табу үшін сатып алушыларды іздестіру барысында өзінің танысы Орынбек Қанағатты кездестіріп, онымен атыс қаруын заңсыз сатуға адамдар тобымен алдын ала сөз байласуымен келіскен".
Бұған дейін ешқайда кетпеу жөнінде қолхатпен босатылған Қанағат Орынбек сот залынан қамауға алынды. Судья оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім оқи салысымен айдауыл қызметі оны Абылай Балғымбай отырған темір тордың ішіне ауыстырды.
Ал, бұған дейін айыпты деп танылған Санжар Бекжан айыппұлмен құтылды. Сот оған осы жылдың 29 мамыры мен 8 маусым аралығында қамауда отырған әр күнін есептеп, қазынаға 1 млн 219 мың теңге төлеуге міндеттеді. Егер бір айдың ішінде төлеп құтылмаса қоғамдық жұмыстарға тартылсын деді. Сөйтіп, оның жазасын айыппұлға ауыстырды.
Жәмила Төленова, Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы:
"Бекжан Санжар Әділханұлы ҚР Қылмыстық кодексі 28-бабының 5-бөлігі, 291-бабының 3-бөлігі 2 тармақтарымен, 287- бабының 4-бөлігімен кінәсіз деп танылсын. Оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталсын".
Қорғауындағы азаматтың қару ұрлау дерегіне қатысы жоқ деген судьяның шешіміне Санжар Бекжанның адвокаты да келісіп отыр. Бірақ, оның үйінен табылған травматикалық тапаншаға қатысты айыппұл төлеу мәселесі үкімді қолына алған соң қарастырып көрмекші екен.
Сейітқасым Танкеев, С.Бекжанның адвокаты:
"Айыппұл ол енді жаңағы үйінде табылған басқа бұған қатысы жоқ травматикалық тапанша бойынша ғой. Үкімді алған соң көреміз. Оны да біз ақта дегенбіз. Өйткені, ондай негіздер бар. Бірақ, бәрін алған соң, көреміз".
Сондай-ақ, осы іске қатысы бар деген өзге 4 айыпталушы 3 жылдан 8 жылға дейін сотталды. Олардың тергеу кезінде абақтыда отырған әрбір күні бір жарым күнмен белгіленді. Сонымен қатар, әрқайсы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 56 мың теңгеге жуық қаржыны қазынаға құюға міндеттелді. Ал, әскери бөлімнің командирі міндетін сол кезде уақытша атқарған Дауытов бұл істен шеттетіліпті. Ол тек, Абылай Балғынбайдың шағымы негізінде Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айыпталып жатыр екен.
Еске сала кетейін, бұл оқиға осы жылдың ақпан айында болған еді. Ордабасы ауданы, Бадам ауылы маңындағы әскери бөлімнен бірнеше қару-жарақ ұрланып, кейінен күдіктілердің барлығы қолға түсті. Сөйтіп, бір жылға жуық созылған тергеу ісі мен сот процесіне бүгін нүкте қойылды. Ал үкімге келіспеген тараптар 15 тәуліктің ішінде аппелациялық шағым түсіруге құқылы.