Жээнбеков президенттіктен кетуге дайын екенін жеткізді
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков "елі заң жолына түскенде" қызметінен кетуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының мәлімдемесі 9 қазанға қараған түні президенттің ресми сайтында жарияланды. Онда Сооронбай Жээнбеков "еліндегі саяси жағдай ушығып кеткенін" атап өткен, деп жазады centralasian.org.
"Жағдайды реттеу үшін біз келесі қадамдарға баруымыз керек. Жогорку Кеңешке өткен сайлау нәтижесін жою керек. Жаңадан парламент сайлауының уақытын белгілеуіміз керек. Бұған қатысты шешімді ОСК қабылдайды", – деді президент.
Ол сонымен бірге қазіргі үкімет басшысы мен мүшелерін отставкаға жіберу керек деді.
"Жаңа премьер-министрді тағайындап, үкімет құрамын жасақтауды заңды ету үшін Жогорку Кеңештің қаулысы мен президент жарлығы керек. Мен тиісті жарлыққа қол қоюға дайынмын. Жогорку Кеңештің қаулысын күтемін", - деді мемлекет басшысы.
Ол Жогорку Кеңеш депутаттары міндетін атқару үшін құқық қорғау органдарының өкілдері олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс деп атап өтті.
"Мен үшін мемлекет тұтастығынан, халық бірлігінен және қоғам тыныштығынан артық лауазым жоқ. Бізге барынша тездетіп заң жолына түсуіміз керек. Атқарушы биліктің заңды жетекшілері бекітілгеннен кейін, мен Қырғызстан президенті қызметімнен кетуге дайынмын", - деді Сооронбай Жээнбеков.
5 қазанда парламент сайлауының нәтижесі жарияланғаннан кейін Қырғызстанда жаппай наразылық шарасы басталды. Парламентке өтпей қалған оппозициялық партиялардың лидерлері мен жақтастары митингке шықты. Олар әкімшілік ғимараттарды басып алып, түрмеде отырған бірқатар саясаткерлерді босатты. 6 қазанда Орталық сайлак комиссиясы сайлау нәтижесінің күшін жойды.
Елде толқу басталғаннан бері қырғыз президенті халық алдына шықпады. Қазір оның қайда екенін ешкім білмейді. Президенттің баспасөз хатшысы Толғанай Стамалиева оның Бішкекте екенін, ешқайда кетпегенін мәлімдеді.
Қырғызстандағы бірқатар саяси күштер президентке импичмент жариялау мәселесін көтеріп жатыр.