Ескі 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды қабылдау аяқталды
2006 жылғы үлгідегі 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды айналымнан алудың төрт жылдық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Ұлттық Банкінің ақпаратына сілтеме жасап.
Бұл банкноттар 2006 жылғы 15 қарашада айналысқа шығарылған болатын және 2016 жылғы 4 қазаннан бастап заңды төлем құралы болуын тоқтатты.
Екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық почта операторы және Ұлттық банктің филиалдары жоғарыда аталған банкноттарды қабылдап, ұлттық валютаның қолданыстағы ақша белгілеріне айырбастады. Айырбастау кезеңі төрт жылға созылды.
Айналыстан алу мерзімінің аяқталуына байланысты 2006 жылғы үлгідегі номиналдары 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің, Ұлттық пошта операторының және Ұлттық Банк филиалдарының қабылдауына және айырбастауына жатпайды.