Туыстарын жасырып-жапқан Селтанов әлі полиция бастығы боп жүр
Биыл 18 наурызда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен полковник Бауыржан Селтанов Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы болып тағайындалды, деп жазады nege.kz.
Бауыржан Селтанов кім еді?
2018 жылы Түркістан облысының Абай ауылында 7 жастағы бала зорланғанда екінің бірінің тілінің ұшында Бауыржан Селтановтың аты-жөні жүрді. Өйткені Б.Селтанов ол кезде ОҚО ІІД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы болатын.
Зорланған бала оқыған №74 мектептің директоры Б.Селтановтың жеңгесі, ал балаға сараптама жасаған дәрігер оның ағасы екені белгілі болды. Зорлық көрген бала әжесі екеуі Алматыға тәуелсіз сараптамадан өтуге бара жатқанда ІІД қызметкерлері оларды пойыздан түсіріп алғаны және бұл Б.Селтановтың тікелей бұйрығымен жасалғаны айтылды.
Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты, Б.Селтановтың әкесі Сапарәлі Селтанов балалары мен келінін қанша қорғаштағанымен, жағымсыз қоғамдық пікір қалыптасып үлгерген-ді.
Осы оқиғадан кейін Бауыржан Селтановтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 1-бөлігімен "билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл қылмыстық іс сиырқұйымшақтанып барып ақыры тоқтап, Б.Селтанов Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Зорланған баланың аянышты тағдыры үшін алған "жазасы" осы болды.
Тіпті Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы да аяқасты болғанға ұқсайды. Өйткені Елбасы кезекті жиында Қауіпсіздік кеңесінде "туыстар жасырып-жапқан" қылмыстық істі заң жүзінде тексеруді тапсырғанын айтқан.
Сөйткен Бауыржан Селтанов "ел аяғы басылған соң" Түркістан қалалық Полиция департаментіне бастық болып тағайындалды.
Кейбір деректерге қарағанда, Б.Селтанов Түркістан қалалық ПД басшысы болып келгелі бері қоластындағы қызметкерлерінің парамен ұсталуы көбейген.
Мәселен, биылғы жылы 2 сәуірде полиция лейтенанты А.Әуезов 10 мың теңге парамен ұсталған. 12 мамырда аға лейтенант Б.Байкенжеев 150 мың теңге пара алып жатқан жерінде қолға түсіпті. Ал тамыздың 20-сы күні тағы бір лейтенант Д.Жақыпбек 500 мың теңге парамен ұсталған. 19 қыркүйекте аға лейтенант Н.Абдрашов 30 мың теңге парамен істі болыпты. Байқасаңыз, парамен ұсталғандардың бәрі – шені төмен офицерлер.
Түркістан облысы Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының 2020 жылдың 7 айында жасалған жұмыстың қорытындысы туралы шолуы да мәз емес.
Пара алып ұсталғандардан бөлек, Түркістан қалалық ПД КПБ жедел уәкілі Б.Таджибаев ішіп алып рөлге отырған. Тағы бір қызметкер "теріс қылығы" үшін жұмыстан қуылыпты. Ол қандай "теріс қылық" екені, қызметкердің аты-жөні шолуда да айтылмапты. Айтуға ауыз бармайтын қылық болса керек, сірә.
"Жас мамандар мен тәлімгерлердің ұйымдастыру жұмыстарының сапасы төмендеп кеткені" үшін Түркістан қалалық ПД ТБ тергеушісі Н.Сатыпалды ішкі істер органдары қатарынан босатылған.
Облыс бойынша қызметтік тәртіпбұзушылық жөнінен ең көп тәртіптік жазаға тартылған Түркістан қалалық ПД қызметкерлері екен – 137 адам.
Бұрынғы Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов үстінен қылмыстық іс қозғатқан полковник Бауыржан Селтановты қазіргі "бас полицей" Ерлан Тұрғымбаевтың неліктен жарылқай қалғаны түсініксіз. Әлде министрдің өзі де "зорланған баланың аянышты тағдырын жұрт ұмытты" деп есептей ме?
"Б.Селтанов басшылыққа келгелі бері Түркістанда полицейлердің парамен ұсталуы неге жиілеп кетті?" деген сұрақ Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевты да ойландырса керек-ті...