Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарға көмектеседі
Көптеген қазақстандықтар жұмысынан айырылып, несиелерін төлей алмай жүр және дәл қазір не істерлерін білмейді. Алматыдағы халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарға көмектеседі.
2020 жылдың өзінде-ақ Алматының халықты жұмыспен қамту орталығына 69 290 азамат келген. ҚР-ның "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңына сәйкес, 16 жастан бастап, зейнет жасына жетпеген және қалада тіркеуі бар кез келген азамат жұмыспен қамту орталығына келіп, мемлекеттік қызметке, сонымен қатар, ашық вакансиялар туралы мәліметке ие бола алады. Орталықтың мамандары сұранысқа ие мамандықтар туралы мәлімет беріп, жұмыссыз мәртебесін алуға көмектеседі. Егер сіз әлеуметтік сақтандыру қорына қатыспасаңыз, әлеуметтік төлем ала алмайсыз.
Жұмыссыздық бойынша төленетін жәрдемақы деген түсінік жоқ. Жұмысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақы деген бар. Әлеуметтік сақтандыру қорына соңғы 24 айдың кемі 6 айында аударым жасалса, олар осы жәрдемақыны алатын категорияға кіреді, - дейді қолдау бөлімінің жетекшісі Әділет Жаңабаев.
Егер сіз осы талаптарға сай келсеңіз, egov.kz арқылы немесе Алматының халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш бере аласыз. Өзіңізбен жеке куәлік алсаңыз жеткілікті. Орталықта тіркеуден өткеннен кейін үш жұмыс күнінде сізге сай келетін жұмысты таңдап береді. Осы үш күн ішінде сізге сай келетін жұмыс табылмаса, сіз ресми түрде жұмыссыз болып тіркелесіз.
Жұмыссыз ретінде тіркелген соң, сізді ақысыз түрде:
• кәсіби оқытуға,
• жастар тәжірибесіне,
• әлеуметтік жұмыс орындарына,
• қоғамдық жұмысқа,
• тұрақты жұмысқа жолдама аласыз.
Егер жұмыссыз адам ұсынылған жұмыстардан бас тартса немесе жұмыс іздеуге ниет танытпаса, ол есептен алынады және халықты жұмыспен қамту орталығына тек бір айдан кейін ғана қайта тіркеле алады.