Жаңалықтар тізбегі
0

800 бұқа алсаңыз, мемлекет 120 миллион теңге бермек

primeminister.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.10.2020 22:25 primeminister.kz
Ауылдағы қалталы кәсіпкерлер тиесілі субсидиясын даулап жатыр.

Ел Үкіметі мал шаруашылығын дамыту үшін бюджеттен миллиардтап қаржы құюда. Алайда соның өзі жетпей жатыр. Мысалы, Алматы облысының Алакөл ауданындағы "Қайыңды" бордақылау алаңы кезінде "зәкірлік ірі жоба", "өңір экономикасының драйвері" ретінде ашылған болатын. Ол бір мезгілде 5 мың бас ірі қараны семіртіп, союға арналған. Қасында шұжық цехы бар, онда бір ауысымда бірден 60 бұқа сойылып, түрлі-түрлі "колбасаға" айналады. Компанияға мыңғыртып мал өсіруі үшін Жетісу жақтағы әсем мекеннің бірі – Тоқжайлаудан жер берілді, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Бірақ кейінгі кезде кәсіпорын сырттан әкелген асыл тұқымды малдарына тиесілі субсидияны толыққанды ала алмағанына шағымданып жүр. Бұрындары мұндай мәселені ауыл кәсіпкерлері Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шенеуніктермен кездесіп, шеше беретін. Дегенмен коррупциямен күрес аясында шенділердің қызметті тұтынушылармен жеке байланысы шектеліп, бұл іс электронды өріске көшірілді.

"Қазір бізден субсидияға өтініштерді билік Субсидиялаудың ақпараттық жүйесі (ИСС) арқылы қабылдайды. Алайда 2020 жылғы 17 шілдеде қабылданған жаңа ережелерге сәйкес, шаруа қожалықтары бюджетте тиісті қаражат болмаса, субсидиялауға өтініш бере алмайды. Яғни егер бюджеттің осы салаға бөлінген ақшасы таусылып қалса, жүйе өтініш қабылдауды тоқтатады. Салдарынан кәсіпорнымызда субсидиялау бойынша бірнеше өтініш қордаланып қалды, оларды тапсыра алмай отырмыз", – дейді "Қайыңдының" басшысы Александр Ковалев.

Қос "шөміштен" қатар қақты

Оның компаниясы субсидиялаудың екі бірдей бағдарламасына қатар қатысуда. Біріншісі – "етті бағыттағы отандық асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды сатып алғаны үшін берілетін субсидия". Мұнда Үкімет әр бұқа үшін 150 мың теңгеден субсидия береді.

Компания отандық етті бұқаларды өсірушілерден 2019 жылдың 1 қарашасында 1 мың 200 бас ірі қара мал сатып алыпты. Бәрі асыл тұқымды: ангус және герефорд тұқымдарына жатады.

"Соның ішінде қалған 800 асыл тұқымды бұқамыз үшін 120 000 000 (жүз жиырма миллион) теңге субсидияның төленуін күтіп отырмыз. Ереже бойынша әлгі ірі қара малдар сатып алынған күннен бастап бір жыл бойы, яғни 2020 жылғы 1 қарашаға дейін субсидиялануға тиісті", – деп алаңдайды А.Ковалев. Белгіленген мерзім болса, бітуге таяу.

Екіншіден, кәсіпорын бұл жануарлардың ешқайсысын бауыздамаған: оларды субсидиялаудың тағы бір түріне пайдалануда. Мысалы, "ауылдық не тауарлық табынның өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды күтіп-бағу" үшін субсидия қарастырылған: әр бұқаға бюджеттен 100 мың теңгеден төленеді.

Бордақылау алаңы әлгі 800 бұқасын өз сиырларымен шағылыстыруы, қашыруы үшін жергілікті фермаларға уақытша арендаға берді. Әрине, "аренда" деген аты ғана, ол үшін ақша алмайды. Өйткені әлгінде айтылғандай, бұл үшін мемлекет жақсы субсидия ұсынады. Үкімет асыл тұқымды бұқалар арқылы ауылдық табынның тұқымын жақсартуға ұмтылуда. Әйтпесе, әр теңгесі санаулы фермерлер "жыныстық" қызметі ақылы болатын бұқаны алмас еді.

Субсидия бір жыл бойы төленетіні айтылды. Ол тоқтатылған соң мал иесі бұқараларын кері жинап алып, сойып тастайды. Рас, жалға алуы тегін болғанымен фермер ол бұқаны күтіп-баптауға міндеттеме алады. Көп сиырға салып, ыңыршағы шыға ырсиған күйге жеткізсе, немесе өлтіріп алса, құнын артығымен өтемек. Нәтижесінде, бордақылау алаңдары "екі жеп биге шығуы" тиіс: бір жағынан бұқасын ауылдықтар семіртіп береді, басқа жағынан Үкімет аста-төк субсидия төлейді.

"Біз 800 асыл тұқымды бұқамызды Алматы облысындағы 120 фермаға тегін жалға бердік. Олар сол арқылы төл малының тұқымын жақсартып, асыл тұқымды бұзау алуда. Бірақ бюджетте осы салаға қажетті қаражат жоқ болғандықтан, біз қалған 431 ірі қара мал үшін 43,1 миллион теңге көлемінде субсидияны алу үшін өтініш бере алмай қалдық. Ереже бойынша бұл өтініштер де бір жыл ішінде қаралып, төленеді. Осының алдында, 23 қыркүйекте біз отандық асыл тұқымды, етті бұқаларды сатып алуға субсидия беруге өтініш жолдадық. Алайда ауыл шаруашылығы басқармасы субсидиялаудың жаңа ережелеріне сілтеме жасай отырып, одан бас тартты. Енді кәсіпорынға мүлдем субсидиясыз қалу қаупі төнуде", – дейді Александр Владимирович.

Министрлік бұқа мен сиырды ажырастырмайды

АШМ-ның Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов "Қайыңды" бордақылау кәсіпорнының субсидиядан мүлдем қағылмағанын ескертті.

Оның айтуынша, субсидиялаудың жаңа ережелеріне сәйкес, асыл тұқымдық бұқаларды және қошқарларды сатып алу – аналық басына шаққанда 1:25 жүктеме бойынша ара-қатынаста субсидияланады. Ал асыл тұқымды айғырларды және түйелерді сатып алу – ұрғашысына шаққанда 1:15 жүктемеге сәйкес субсидияланады.

Сонда АШМ бұқа сатып алушыда сиырдың жоқтығын қалай біледі? Мысалы, фермер субсидияға өтініш берсе, ақпараттық жүйе оның есебін қарап, оның қолында сиырдың бар не жоқтығын автоматты түрде анықтайды және әр бұқаға түсер жүктемені өзі есептейді.

Алайда бордақылау алаңдарында сиыр мен бұқа қатар ұсталмайды.

"Негізі бұдан былай сиыры жоқ фермерлердің асыл тұқымды бұқа алғаны үшін субсидияға өтініші қабылданбайды. Дегенмен бұл талап бордақылау алаңдарына таралмайды, себебі оларда сиыр жоқ. Егер бордақылау алаңы бұқасын соймай, жеке шаруашылықтарға тегін арендаға берсе, онда сол шаруашылықтағы сиыр санына қарай жүктеме есептеледі. Ендеше Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының кәсіпкер өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаны дұрыс емес", – деді министрліктің департамент директоры.

Жалпы өзге ауыл бизнесмендерінен де ұқсас шағымдар келіп түсіп жатыр. Сондықтан АШМ биылғы 1 қазанда барлық облыстың басқармаларына тиісті түсіндірулер жолдапты.

Алматы облысының АШ басқармасының мәліметінше, ағымдағы айда "Қайыңды" ЖШС-ның 87 бұқасына 13 миллион теңгеден астам субсидия төленді. Биылға асыл тұқымды ірі қара малды субсидиялауға бөлінген бюджет қаржысы түгесіліпті. Сол себепті басқа субсидия беру мүмкін болмайтын көрінеді. Е.Ахметовтың айтуынша, бюджеттен қосымша ақша бөлініп жатса, мерзімі аяқталмаған өтініштер қаржыландырылуы мүмкін.

Жанат Ардақ

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: