Қырғызстан ең алдымен Қазақстаннан ақша сұрайын деп отыр
Қырғызстан әріптес елдер мен халықаралық ұйымдармен келіссөз жүргізіп, олардан көмек сұрап жатыр.
Бұл туралы 28 қазанда елдің сыртқы істер министрі Руслан Қазакбаев мәлімдеді, деп жазады centralasian.org.
Министрдің сөзінше, келіссөздің күн тәртібіндегі мәселелер – коронавирус пандемиясының екінші толқынына қарсы күресуге, президенттік, парламенттік сайлау мен конституциялық реформа жүргізуге, ең бастысы 35-50 миллиард сомға жуық бюджет тапшылығын жою.
Қазакбаев бүгінгі күнге дейін халықаралық ұйымдар тарапынан Қырғызстанға көмек беруді тоқтату туралы қандайда бір ресми құжат келмегенін айтты.
"Қазір әлемдік қауымдастық Қырғызстанда парламент сайлауынан кейін алған оқиғаларды мұқият бақылап отыр. Көптеген сұрақтар қойылып жатыр, бәріне жауап беріп жатырмыз. Әзірге жобаларды тоқтату туралы ресми құжат алмадық. Мен елшілермен кездескенде, олар елдегі жағдайға алаңдайтынын жеткізіп жатыр, бірақ жобаларды тоқтату туралы ойлары жоқ екенін айтып жатыр", - деді ол.
Қазакбаев Ресей, Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, АҚШ және Еуропалық одақ елдерімен келіссөздер жүріп жатқанын айтты. Ең алдымен ресми сапармен Қазақстанға баратынын жеткізді.
27 қазанда Еуропалық одақ Қырғызстанға сандық жүйеге көшу үшін 2021 жылға бөлінетін алты миллион еуроны уақытша тоқтата тұратынын хабарлаған. 19 қазанда Қазакбаев Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Бурианмен телефон арқылы сөйлесіп, Қырғызстан бюджетін қолдауға жәрдем сұраған.