Н.Нығматулин: Мәжіліс экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы заң жобасын қарайды
Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның Бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттар бірінші оқылымда экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелеріне қатысты заң жобасын талқылайды.
Заң жобасы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған және оны қабылдау COVID-19 пандемиясынан зардап шеккен экономика салаларын дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бірінші оқылымда депутаттарға қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты заңнамалық түзетулер жобасын да қарау ұсынылады.
Заң жобасында қоғамдық кеңестердің оңтайлы моделін қалыптастыру ұсынылып, олардың ұйымдастырушылық тиімділігін, демократиялылығын, жариялылығын, ашықтығын қамтамасыз етпек.
Сондай-ақ, алдағы жалпы отырыста Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады.
Күн тәртібінің жобасында Палатаның бейінді комитеттеріне бірқатар жаңа ратификациялық заң жобаларын жұмысқа алу көзделеді. Олар: ЕАЭО туралы шарттарға (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы және осы шартқа Армения мен Қырғыз Республикаларының қосылуларына байланысты өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды ратификациялау туралы заң жобалары.