9 қарашадан бастап Ақмола облысында шектеу шаралары енгізіледі
COVID-19-дың таралуын тежеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, деп хабарлайды zakon.kz.
Ведомствоаралық комиссия төрағасы облыстағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдады.
Атап айтқанда:
• Көкшетау қаласының периметрі бойынша блок-посттар орнатуды;
• күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блок-посттар орнатуды;
• Көкшетау-Алматы, Көкшетау-Ақтау бағыттары бойынша әуе қатынасын аптасына 2-ден 1 рейске дейін қысқартуды;
• Көкшетау-Қызылорда бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды;
• жолаушылар темір жол құрамдарының облыс ішінде аялдауына тыйым салуды (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда);
• діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды;
жұмыс күндері үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орындық объектілер үшін есептік орындардың 50%-ынан аспайтын жағдайда сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін, жұмыс режимін қысқарта отырып шектеуді;
жұмыс күндері сауда үйлерінің, сауда орталықтарының, көлемі 500 шаршы метрден астам азық-түліктік емес дүкендердің жұмысын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін шектеуді;
стратегиялық объектілер мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің өндірістік процесті қамтамасыз ететін жұмыскерлерін қоспағанда, облыс елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 23:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектеуді;
65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды;
қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді;
офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды тапсырды.