Байден жеңіске жақындады
Демократ Джо Байден Мичиган мен Висконсинде жеңіске жетіп, алға озды. Бірақ бірнеше штатта дауыс әлі саналып жатыр. Алғашқы сайлау учаскелері жабылғаннан бері 24 сағат өтсе де, АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы анықталған жоқ, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.
Байден Мичиганда сайлаушылар алқасының - 16, Висконсинде 10 дауысына ие болған. Осылайша қазір Джо Байденде 253 дауыс болып тұр. Ал Трампта 214 дауыс бар. Жеңіске жету үшін кандидат сайлаушылар алқасының кемінде 270-інің дауысын алуы керек.
Егер Байден Аризона мен Невадада жеңсе, сайлау жеңімпазы атанады. Сарапшылар Мичиган мен Висконсиндегі жеңіс Байденнің сайлауда жеңу мүмкіндігін арттырды деп отыр. 4 қарашада Мичиганда озғаны анықталғаннан кейін Байден жеңіске жететінін мәлімдеді.
Джорджия мен Пенсильванияда да дауыс санау жалғасып жатыр. Екі штатта да Трамп алда келеді.
4 қарашада Трамп штабы Мичиган, Пенсильвания және Джорждия штаттарында дауыс санауды тоқтатуды талап етіп, сотқа арыз түсірген. Трамп штабы аталған үш штатта бюллетеньдерді есептеу кезінде ашықтық болмағанын алға тартқан. Дегенмен сайлау кезінде қандай да бір заңбұзушылық болғаны жайлы ақпарат жоқ.