Алматы ұсақ-түйек құқық бұзушылықпен ұсталғандар қара жұмысқа жегілген
Қымбат ішімдік ұрлаған адам мен ойыншық тапаншамен кісі тонаушы Алматы көшелерін тазалау жұмысына жегілді, деп хабарлайды zakon.kz.
Polisia.kz-нің мәліметінше, супермаркеттердің бірінен әртүрлі ішімдік ұрлап жүрген 35 жастағы Самат қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеймін деп ойламаған еді. Енді ол Алматы қаласы Наурызбай аудандық пробация қызметінің бақылауымен қаладағы бір фирмада күніне төрт сағат аула тазалайды. Ал белгілі фастфуд тағамдарын тонаушы болса екі ай тергеу тұтқынында болып, соттың үкімімен үш жыл алты ай бас бостантығын шектеуге және 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге сот үкімі шықты.
– Мен тәртіп пен жазаны орындау шарттарын бұлжытпай орындауға тырысамын. Әр жұма сайын біз пробация қызметкерлерінің бақылауымен көше тазалауға шығамыз. Егер мен бұрын аузымдағы сағызымды автобус отырғышының астына жабыстыра салсам және ішкен сусынымның бөтелкесін қалай болса солай лақтыра салсам, қазір жол бойындағы қоқыс салғышқа саламын. Өйткені қазір мен шілденің шіліңгір ыстығында да, қаңтардың қатты суығында да көше тазалаудың қаншалықты қиын екенін жақсы түсіндім, – дейді Айбек.
Пробация қызметінің жұмысы заң бұзған адамдардың түзелуіне, олардың қайтадан құқық бұзуларына жол бермеуге бағытталған. Сот үкімі шығысымен пробация қызметкері сотталғанды есепке алып, оған жаза өтеудің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ бақылаудан жасырынудың жауапкершілігін түсіндіреді, оның анкеталық мәліметтерін, жақын туыстары мен оның пробациялық бақылау кезеңіндегі мінез-құлқына ықпал ететін адамдардың мәліметтерін тексереді, Жергілікті атқарушы органдармен бірге қоғамдық жұмысқа тартуға сотталған адамның жұмыс орны мен жұмыс көлемін анықтайды.
– Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша пробациялық бақылау қызметінің есебінде қоғамнан оқшаулаусыз жазаға кесілген 2 700-ден астам сотталған бар. Қалада қоғамдық жұмыс істеу жазасына тартылған 80 адам бар, олардың барлығы күн сайын соттың үкімімен анықталған жазаларын орындайды. Бүгінгі таңда біздің пробациялық бақылау қызметінің қызметкерлері рецидивистік қылмыстардың алдын алу бойынша жоспарлы түрде жұмыстар атқаруда. Кешкі және түнгі уақытта есепте тұрған сотталғандарды тұрғылықты жері бойынша тексеріп, көңіл көтеретін және ойын-сауық орындарына рейдтер жүргізеді. Денсаулыққа және айналасындағы адамдардың құқығына зиян келтірмей қылмыс жасаған адамды қоғамдық жұмысқа тарту сияқты жаза белгілеу қоғамға тиімді әрі пайда әкеледі, – дейді Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Дархан Қанатбеков.