Атырауда облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар іріктелді
Атырауда "Нұр Отан" партиясы қалалық филиалының XXXVIII кезектен тыс конференциясы болды. Онда Атырау облыстық мәслихатына кандидаттарды ұсыну үшін, праймериз қатысушылары арасында дебат өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Конференция жұмысына Атырау облысының әкімі, "Нұр Отан" партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Махамбет Досмұхамбетов қатысты.
Барлығы 27 үміткер өзекті мәселелерді көтерген дебат барысында праймеризге қатысушы, С.Мұқашев атындағы политехникалық колледж директоры Бақыт Шеркешбаева оқу орындары жанынан жұмыспен қамту орталықтарын ашуды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай орталықтар жас мамандарды жұмысқа орналастырудың негізгі тетігі бола алады.
Праймеризге қатысушы, Атырау облыстық "Прикаспийская коммуна" газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева болса, Атырау қаласын "қауіпті экологиялық аймақ" деп тануды ұсынды.
"Мұнай мен газ өндіру секторында жетекші орын алып отырған Атыраудың экологиялық қауіптілігі мойындалса, тұрғындарға өтемақы төленер еді. Сонымен қатар, ана мен баланы әлеуметтік қорғауға көбірек мән беруіміз керек. Сәбилер балабақшаларға екі жастан бастап қабылданады. Оларға ерекше күтім керек. Сондықтан, сәбиге төленетін жәрдемақыны үш жасқа дейін созуды ұсынамын",- деді Нәсіп Шалабаева.
Дебат барысында көтерілген өзекті мәселелердің бірі - су тапшылығын жою.
Праймериздің ең жас қатысушысы - Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық қондырғы операторы Бексұлтан Дүйсенғұлов өркениетті елдерде канализациялық ағын сулар қайта өңделіп, пайдаланылып жатқанын атап өтті.
"Израиль қолданылған судың 80 пайызын қайта кәдеге жаратады. ТШО компаниясы да голландиялық технологияны қолданып отыр. Соңғы он жылдықта дүниежүзілік жылыну, климаттық өзгерістер және қардың түсуі, жауын – шашынның азаюының кері әсері қатты байқалуда. Бұл жағдай жалғаса берсе, Жайық өзені тартылып бітеді. Ресми деректерде өткен жылы су мөлшерінің 40 пайызға дейін азайғаны айтылады",- деген ол пайдаланылған суды тағы қолдану жобасын іске қосуды ұсынды.
Атырау облысына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, шешу жолдары да ұсынылған дебат соңында сессияға қатысушылар Атырау облыстық мәслихатының депутаттығына ұсынылатын кандидаттарды анықтау мақсатында дауыс берді.