Маңғыстауда "Birgemiz" атты Азаматтық форум өтті
Маңғыстауда өткен шараға Қазақстан азаматтық альянсының төрайымы Бану Ғаниқызының, Қазақстан Республикасы Ақпараты және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Дүйсенбайұлының мен үкіметтік емес ұйым мүшелері,этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды zakon.kz.
Форумның мақсаты – билік, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың арасында аймақтың өзекті мәселелері бойынша сұхбат құру және тең дәрежедегі сенімді серіктестікке қол жеткізу тетіктерін айқындау.
Жиында сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауында "Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет" екендігін деп баса айтты.
Үкіметтік емес сектор және этномәдени бірлестіктер – белсенді және бастамашыл адамдар жұмыс істейтін тұтас сала. Тиімді өзара іс-қимылдың арқасында біздің өңіріміз азаматтық қоғамды дамытуда жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бұл дәстүрге айналған іс-шараның бірі, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы ашық және тең құқылы диалогтың көрсеткіші, - деді Г.Қалмұратова.
Форум аясында күні кеше үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар ашық диалог алаңдарында кездесті. Сондай-ақ қатысушылар ел ішіндегі өзекті мәселелерді, оларды іске асыру тетіктері мен жолдарын айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары өңірде әлеуметтік жобалардың сапалық деңгейге көтерілгені байқалады. Мәселен, 2012 жылмен салыстырғанда әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыру 4,5 есеге ұлғайған. 2019 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 20 мемлекеттік орган 190 млн теңге қаржы бөлсе, биыл 20 мемлекеттік орган 66 әлеуметтік жобалар үшін 224 млн теңге астам қаржы қарастырып отыр.