Шымкенттік жас тіс дәрігері әлемдік деңгейдегі емхана ашуды армандайды
Әзірге Бекмұрад Мехманқұлов қалалық медициналық орталықтардың бірінде орналасқан шағын тіс емдеу орнын дамытуға бар күшін салып жатыр. Ал жас талапты мұндай мұратқа "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бір табан жақындатқандай. Оның көмегімен жас тіс дәрігері микрокредит иеленіп, тиісті қаржыға жұмысқа қажет заманауи құрал-жабдық сатып алды.
Тіс дәрігері Бекмұрад Мехманқұловқа емделуге адамдар еліміздің әр түкпірінен ат шалдыруда. Жас маман өзі жалға алған стоматологиялық кабинеттің 2 жылдық қызметі ішінде емделушілер қатарын қалыптастырып үлгерді. Дегенмен бұған тоқмейілсуге болмайды. Технология жылдам дамып, алға жылжуда. Медицина саласында да солай, үнемі қабілетті жетілдіріп отыру керек.
Сондықтан, кейіпкеріміз, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасында бақ сынауға шешім қабылдады. Нәтижесінде, бағдарлама шарапаты, оған қызмет сапасын арттыратын озық үлгілі стоматологиялық жабдық сатып алуға мүмкіндік берді.
"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы арқылы 5 миллион теңге несиеге имплантат жиынтығы мен рентген аппаратын алдым. Микрокредит шарты қолайлы екен - 5 жылға 6% ғана. Мемлекеттік бағдарламаларға қайтадан қатысып, кәсібімді кеңейту үшін несиемді мерзімінен бұрын төлеуді көздеп отырмын. Осы құралдардың барлығы қолжетімді екеніне көз жеткіздім, - дейді Бекмұрад Мехманқұлов.
Оның сөзінше, жеңілдетілген шағын несиелеу сияқты қолдау қадамы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін өте маңызды. Әсіресе, жастар үшін. Себебі еңбек жолының бастауында тұрған олардың жігері мұқалмағаны абзал. Айтпақшы Бекмұрад өзін кәсіпкер санамайды. Ол ең алдымен дәрігер екеніне назар аударады.
Менің қолға алғаным бизнес емес. Бізде, дәрігерлерде, бұған басқаша көзқарас қалыптасқан - бұл өмірлік іс. Маған келетін науқастар жай ғана қызметімді тұтынушы дегенге келіспеймін. Денсаулығы сыр берген жандардың жасаған ем-домыма ризашылық танытып, жүзіне күлкі үйірілгенін қалаймын. Мықты маман атанып, әлемдік деңгейдегі стоматологиялық емхана ашуды армандаймын. Түсінгенім, асқаралы асуды бағындыру үшін аянбай тер төгіп, мақсатқа жетуде табанды болған ләзім, - деп сыр бөліседі ақ халатты азамат.
Бүгін кейіпкеріміз кеңсесін жөндеуге кіріскен. Жақын арада бұл жерге үш стоматологиялық орындық қойылып, сәйкесінше 3 жұмыс орны құрылады. "Еңбек" бағдарламасының кәсіпкерлікті дамыту бағытының басты артықшылықтарының бірі осы - жаңа бизнес-жобалар адамдарға жұмыс сыйлайды.
Бұған дейін балалармен бірге ересектерді қабылдап, терапия, ортопедия және ортодонтиямен бас көтермей айналысатынмын. Енді, көп ұзамай, әр бағыт бойынша бөлек дәрігерлер болады. Өзім тек имплантация, сүйек тінін күшейту және басқа да күрделі іс-қимылға ден қоймақпын, - дейді Бекмұрад Мехманқұлов.
2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Шымкент қаласында "Еңбек" мембағдарламасының екінші "Жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағыты бойынша 7 910 адам қамтылды. Жалпы есепті кезеңде Бағдарламаға 54,1 мың адам жүгінді, оның ішінде 27,9 мың адам қатысты.