2021 жылы баспана мен құрылыс заттары қымбаттайды
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алдағы уақытта зейнетақы қорында жиналған қаражатты пайдалану бойынша бірыңғай оператор атануға ниетті. Бұл туралы қаржы институтының басшысы Ләззат Ибрагимова Алматыда өткен Almaty Investment Forum 2020-да мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz kursiv.kz-ке сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 700 мың азаматтың зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін ала алатынын айтқан еді. Президенттің сөзінше, азаматтар қордан алған қаражатын баспана алуға, емделуге, әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсай алады.
"Азаматтардың әлеуметтік қамсыздығы – біздің басты бағдарымыз. Азаматтардың әлеуметтік қамсыздығы бәрінен бұрын тұрғын үй мәселесімен байланысты. Нарық жағдайында баспана қолжетімділігі азаматтардың табысы мен өз бетімен осы мәселені шешу қабілетіне байланысты. Менің тапсырмамның аясында халықтың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі пысықталды. Бұл қазір ерекше өзекті. 2021 жылы бірыңғай зейнеқаты жинақтық қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін баспана алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына пайдалана алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірге жыл соңына дейін барлық қажетті құқықтық-нормативтік актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын",- деген еді президент.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қордан алған ақшаны азаматтар бірнеше мақсатта пайдалана алады – үй сатып алу, ипотека қарызын өтеу, білім алу, емделу және басқарушы компанияларға беру.
"Зейнетақы қаржысына мониторинг жасау және мақсатты түрде пайдалану бойынша ТҮҚЖБ үкіметке ұсыныс жасады. Біз сондай-ақ ем алу бағыты бойынша да қаражаттың жұмсалуын бақылағымыз келеді. Қазір банк арнайы онлайн-платформа дайындап жатыр. Сол механизмнің арқасында клиенттер үйден шықпай-ақ өтініш жіберіп, тиісті құжаттарды тіркей алады. Қазір біз өзіміздің ақпараттық жүйемізді БЖЗҚ-мен интеграциялау кезеңіндеміз. Сонымен қатар осы платформаға қосылу бойынша басқа да банктермен сөйлесіп жатырмыз", - деді Ибрагимова.
ТҮҚЖБ басшысы пандемия адамдардың тұтынушылық көзқарасын түбегейлі өзгерткенін де атап өтті.
"Адамдар ақша жинай бастады. Енді бәрі ақшаның жұмсалуын есептеп, қиын пайыздарды түсіне бастайды. Олар шешімді саралап барып қабылдайтын білімді клиентке айналады. Қазірдің өзінде олар егер ТҮҚЖБ-да жылдық 5 пайызбен несиеміз бар болса қарызды не үшін өтеу керекпіз деп сұрай бастады. Зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін тағы бір пәтер сатып алуға пайдалануға болады. Бұл халықтың сауатты бөлігі. Жинақтау бойынша олардың деңгейі жоғары, олармен басқаша жұмыс істейміз", - дейді.
Осыған дейін бірқатар сарапшылар қалталы қосымша клиенттердің пайда болуы нарықтағы инфляцияны арттырып, баспана бағасының өсуіне әкеліп соғады, сонымен қатар құрылыс материалдары да қымбаттайды деп болжам айтқан еді. Банк басшысы бұл болжамды да жоққа шығармайды.
"БЖЗҚ есептеуінше, 2021 жылдың басында зейнетақы қорынан қаржысының бір бөлігін алатын азаматтар саны 800 мыңнан асады. Дәл сол салымшылар тобына арнап құрылыстар жүргізіле бастайды. Бұл сөзсіз, тұрғын үй нарығына әсер етеді, мүмкін қысқа мерзімді жылжымайтын мүлік бағасының өсуі де болуы мүмкін. 10-20 мың сатып алушының нарыққа келуі 8 пайыздық өсімді көрсетеді. Сондықтан біз құжаттарға қол қоюды және осы механизмді 2021 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асыруды асыға күтеміз", - деді Ләззат Ибрагимова.
Еске салсақ, қыркүйек айында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қордағы қаржыны пайдалану бойынша жаңа талаптарды түсіндірген еді.
"30 жастағы азамат қордағы қаржысының бір бөлігін пайдалана алуы үшін жинаған аударым мөлшері 2 млн 518 мың теңге болуы керек. 35 жастағылар үшін – 2 млн 961 мың; 40 жас – 3 млн 437 мың; 45 жас – 3 млн 947 мың; 50 жас – 4 млн 495 мың; 55 жас – 5 млн 084 мың; 59 және одан жоғары жастағылар үшін 5 млн 586 мың теңге болуы тиіс" деген еді Біржан Нұрымбетов.
Бұл жерде бір түсіну керек жағдай – жоғарыда көрсетілген ақша мөлшері – сіз қажетті ақшаны алғаннан кейін қорда қалуы тиіс қаражат көлемі. Яғни, зейнетақы қорындағы ақшаңыздың бір бөлігін алу үшін, шотта жоғарыда көрсетілгендей (жас мөлшеріне сай) қаржы жиналып тұруы тиіс. 30 жастағы азамат шотта 2 млн 518 мың теңгесін қалдырып, оның үстіндегі қаражатты әлеуметтік мақсатта жұмсай алады.
Зейнетақы қорыңызда осы күнге дейін қанша қаражат жиналып тұрғанын мына сілтемеге кіру арқылы көре аласыз.