Шымкентте 4 ай бұрын жоғалған 9-шы сынып оқушысы әлі табылмады
Шымкентте 4 ай бұрын жоғалып кеткен жасөпірім әлі табылмай жатыр. 9-сынып оқушысы Ескендір Әнуарұлы осы жылдың тамыз айында үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Соңғы рет оны туған ағасы Алматыда көріпті. Тәртіп сақшыларынан бой тасалап үлгерген баланы осы күні көрдім не білдім деген адам табылар емес, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Ескендір Кисилев тамыз айының басында туған ағасы Давидпен бірге табыс табу үшін үйінен шығып кеткен. Түске дейін әр жұмыстың басын бір шалып жүрген екеуі ешкімге айтпастан Алматыға тартып отырған. Сөйтіп, құрылыс компаниясына жалданып жұмыс істепті. Өздері өзге қалада жүргені жайында достары түгілі ата-анасына да хабар бермеген. Оның сырын былай түсіндіреді.
Давид Кисилев, Е.Кисилевтің ағасы:
Біз ұялы телефонның номерін өзгерттік. Жаңа санды тіркеу үшін менің жеке сәйкестендіру номерім қажет болды. Жеке куәлігімін үйде қалып қойған еді. Сөйтіп, жаңа номер алу ойымыз жүзеге аспады. Анама хабарласа алмадым.
Давидті Алматыда жүрген жерінен 21-қазанда полицейлер ұстап алған. Ағасының қолға түскенін байқап қалған інісі белгісіз жаққа қашып үлгеріпті. Содан бері хабар жоқ. Ұлын уайымдаған анасы әр күнін жылаумен өткізіп жүр.
Марина Кислева, Е.Кисилевтің анасы:
Ұлым, егер сен мені көріп тұрсаң, естісең үйге қайт. Болды, жетер мен шаршадым. Өтінемін, қайтшы. Біз сені жақсы көреміз, күтеміз.
Ескендірдің жасы небәрі 14-те. Қайнарбұлақ саяжайындағы мектептің бірінде 9-класта оқуы керек еді. Анасының сөзінше, 19 жастағы ағасымен бірге жаз мезгілінде жұмыс істеп, табыс тауып жүрген. Әкесі вахталық әдіспен алыс ауданда еңбек ететіндіктен бала-шағаның тәрбиесіне шешесі жауапты екен.
14 жастағы жасөспірімнің белгісіз жаққа кетіп қалу дерегі алғаш тіркеліп отырған жоқ. Анасының сөзінше, ол апталап жоғалып кететін болған. Бірақ, әйтеуір арада бірнеше күн өткенде үйіне өзі келіп жүрген. Енді міне, 4 ай болды қазір іздеуде жүр. Оның қайда жүргені әзірге белгісіз.
Осы күні жоғалған баланы іздеуге еріктілер тобы мен полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Ерекше белгілері мен түрі бейнеленген сурет адам аяғы көп жүретін жерлерге ілінген.
Қазір Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері іс-түссіз жоғалып кеткен Ескендір Кисилевті іздестіріп жатыр. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Шымкент қалалық Полиция департаменті:
Егер жасөспірімді көрген және жүрген жерін нақты білетін адам болса, 8 777 679 18 24 немесе 102 байланыс номеріне хабарласуға болады. Сіздің қоңырауыңыз Ескендір Әнуарұлының ата-анасы үшін өте маңызды. Өйткені, үйінде әке-шешесі мен 4 бауыры күтіп отыр.