Мәслихатқа сайлау өткізу тек аумақтық комиссиялардың құзыретінде – ОСК төрағасы
11 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Отырыста "Қазақстан Республикасы мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы" мәселе қаралды.
Күн тәртібі бойынша Ортсайлауком мүшесі Ерлан Дауылбаев баяндама жасады. Ол мәслихатқа сайлау алғаш рет саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтіп жатқанын хабарлады. Мәслихаттар депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгілік күнтізбелік жоспарына сәйкес партиялық тізімдерді ұсыну 2020 жылғы 10 қараша 4 желтоқсан аралығында жүргізілді.
Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына қатысуға Әділет министрлігінде белгіленген тәртіппен тіркелген 6 саяси партияға жіберілген болатын.
Сайлау комиссиялары 5 саяси партиядан: "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан; "Nur Otan" партиясынан; "ADAL" саяси партиясынан; "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясынан; "Қазақстанның Халық партиясынан" Қазақстан мәслихаттары депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну туралы құжаттар ұсынылды.
Барлығы 840 партиялық тізім ұсынылды.
Бұл ретте "Nur Otan" партиясы мен "АDAL" саяси партиясы өңірлердегі барлық 216 мәслихатқа сайлау округтері бойынша тізімдерді ұсынды.
- "Ақ жол" ҚДП-нан 175 тізім ұсынылды.
- "Ауыл" ХДПП - 159 тізім.
- "Қазақстан Халық партиясы" 74 тізім ұсынды.
17 округ бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына 75 тізім (1392 кандидат) ұсынылды.
36 округ бойынша облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына 134 тізім ұсынылды (1415 кандидат).
Аудандық мәслихаттардың 163 округі бойынша 631 тізім ұсынылды (5527 кандидат).
Партиялық тізімдерге 8334 кандидат енгізілді, оның ішінде 3721 (44,6%) – әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдар.
Партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-де аяқталды. Барлығы 832 партиялық тізім тіркелді, оның ішінде:
- "Ауыл" ХДПП - 158;
- "Nur Otan" партиясы-216;
- "ADAL" СП - 215;
- "Ақ жол" ҚДП - 174;
- "Қазақстан Халық партиясы" - 69.
Отырысты қорытындылай келе, Ортсайлауком Төрағасы Берік Имашев мәслихаттар депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу тек аумақтық сайлау комиссияларының құзыретіне жататынын атап өтті.
Осыған байланысты, аумақтық сайлау комиссияларына негізгі ақпарат иелері ретінде партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу қорытындыларын жариялау бойынша кеңейтілген ақпараттық жұмыс жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингтер өткізу тапсырылды.
Бұдан басқа, ағымдағы жылғы 12 желтоқсанға дейінгі мерзімде барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың тіркелген партиялық тізімдерін аумақтық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларына орналастырсын.