Ақмола облысында 65 мың теңгеге кеңсе жиһазын сатып алған мектеп дауға қалды
Ақмола облысында орта мектеп кеңсе жиһазын негізсіз сатып алған. Бұл туралы "Antikor ortalyǵy" алаңында өткен онлайн-брифинг барысында "Ақмола-адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Самира Тайтенова айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Спикердің ақпараты бойынша, Ақмола облысында бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында тұрғындардың бірі Рublicbudget.kz Ашық бюджеттердің интерактивті картасының сайтына өз бетінше мониторинг жүргізген.
Мониторинг барысында Бурабай ауданының орта мектебі жалпы сомасы 65 000 теңгеге кеңсе жиһаздарын сатып алуды жоспарлағаны анықталды, алайда бюджет қаражатын тиімді жұмсау және үнемдеу режимін күшейту мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың кеңсе жиһазын сатып алуына уақытша тыйым салынды.
"Осыған байланысты азамат оқу орнына шағым түсірді, алайда мектеп бұл жиһазды сатып алғаны белгілі болды. Өтініш негізінде анықталған бұзушылықтар үшін Бурабай ауданының білім бөлімі білім беру мекемесінің лауазымды тұлғасын тәртіптік жазаға тартты", - деді Самира Тайтенова.
Спикер атап өткендей, бұл мысал мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысының орнатылуының және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюдың айғағы болып табылады, ал Интерактивті карта мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді диалогтық платформасына айналады.
Айта кетейік, әрбір тұрғын Ашық бюджеттердің интерактивті картасы арқылы мектептердің, балабақшалардың, ауруханалардың, емханалардың, өңір жолдарының бюджет ақшасының бірыңғай платформада қалай, не үшін және қанша мөлшерде жұмсалатынын көре алады, сондай-ақ ашықтықты қадағалап, оның дамуына әсер ете алады.