Абай облысы әкімдігіне кеңсе жиһазын сатып алуға арналған конкурс тоқтатылды
Фото: Zakon.kz
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр қазіргі жағдайға түсініктеме берді.
– Ербол Әбілхайырұлы, соңғы күндері бірқатар БАҚ-та Абай облысы әкімдігі мен оған бағынысты басқармалар үшін кеңсе жиһазын сатып алуға жарияланған конкурс талқылануда. Облыс әкімдігі бұрын қалай жиһазбен қамтамасыз етілген еді?
– Жиһаз сатып алуға байланысты конкурс рәсімдері жарияланғанына қарамастан, Абай облысы әкімінің шешімімен тоқтатылды.
Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып айтарым: Абай облысы 2022 жылы құрылған сәттен бастап, әкім аппараты мен оған бағынысты 23 басқарма үшін жиһаз сатып алу мемлекеттік сатып алу жолымен жүргізілген жоқ. Қазіргі таңда 639 қызметкер бұрын Семей қаласы әкімдігінен есептен шығарылған, тозығы жеткен жиһазды пайдалануда. Тіпті кейбір басқармаларда қызметкерлер үйден әкелген жиһазбен жұмыс істеуге мәжбүр.
Бұл өзекті мәселені шешу үшін, яғни қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында, 2024 жылы мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған болатын. Нақты айтқанда, өткен жылдан осы уақытқа дейін конкурс 7 рет жарияланды. Алайда потенциалды жеткізушілер тарапынан құжаттардың талапқа сай болмауына байланысты әр жолы конкурс кейінге қалдырылды.
Сатып алынатын жиһаздың саны мен талаптары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №201 бұйрығына сәйкес бекітілген. Бұл бұйрықта мемлекеттік органдарды қызметтік және кезекші автокөліктермен, телефон байланысымен, кеңсе жиһазымен және техникамен, кеңселермен, кеңсе тауарларымен және басқа да шығыс материалдарымен қамтамасыз етудің табиғи нормалары белгіленген.
– Жиһаз сатып алу процесіне қайта оралу жоспары бар ма?
– Жоқ. Жоғарыда атап өткенімдей, конкурс Абай облысы әкімінің шешімімен толықтай тоқтатылды.