ҰҚК Шекара қызметі әуе апатынан қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды
Бүгін Түркістан облысында осыдан сегіз жыл бұрын 27 әскери қызметшінің өмірін қиған АН-72 әскери ұшағы апат болған орында, сондай-ақ ҰҚК ШҚ барлық аумақтық бөлімшелерінде еске алу жиыны өткізілді, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға дін өкілдері және "Застава тарландары" республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ардагер-шекарашылары, сондай-ақ қайтыс болғандардың жақындары, туған-туыстары қатысты.
ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті әскери қызметшілерінің бастамасымен өз елінің нағыз патриоттары – Отан сақшыларын ұлықтай отырып, ұшақ апаты болған орынға мемориалдық тақта орнатылды.
Мемориал басында оңтүстік шекарашылары марқұм болған қаруластарының құрметіне дұға-тілектерін арнап, гүл шоқтарын қойды.
2012 жылдың 25 желтоқсаны күні мемлекетімізде қаралы күн жарияланған еді. Қыстың қытымыр күнінде ел астанасынан Шымкент қаласына бет алған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады.
Сайрам ауданы Тассай елді мекені маңында орын алған ұшақ апатынан 27 адам қаза тапты. Бұл тәуелсіз ел тарихында болған ең ірі қайғылы оқиға еді.