Мәулен Әшімбаев өткен жылды қорытындылап, 2021 жылдың міндеттерін белгіледі
29 желтоқсанда сенаторлар "Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын қарап, қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz.
"Елбасымыз 2003 жылы жазаның бұл түріне мораторий жариялағаны белгілі. Содан бері елімізде бір де бір өлім жазасы тіркелген жоқ. Қазақстан Мемлекет басшысының шешімімен өлім жазасынан бас тартуға бағытталған халықаралық міндеттемеге қосылды. Шын мәнінде, аса ауыр жазадан бас тарту құқықтық қоғам, гуманистік принциптерге негізделген мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ сенаторлар депутаттық корпус бастамашылық еткен тағы төрт заң жобасын қарады.
Олардың бірі – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң болып отыр.
Пандемияға дейін қашықтан оқыту процесі заңмен бекітілмеген болатын. Бұл түзетулер "қашықтықтан оқыту" ұғымын нақтылайды және оны жүзеге асыру тәртібі белгіленді. Сондай-ақ оқулықтарды сапалы дайындауды қамтамасыз ететін жекелеген ережелер енгізіледі.
Сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын да пысықтады.
Ауыл шаруашылығы малын бірдейлеу жөніндегі дерекқорға электрондық ветеринариялық паспорт енгізіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларды бақылау үшін фото және бейнеаппаратураны пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл осы саладағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және "Мақта саласын дамыту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы" заң қабылдады.
Сенаторлардың пікірінше, қолданыстағы заң шетелдік инвестиция ағынын азайтатын артық реттеу ережелерін қамтиды және қаржы ұйымдары бұл салаға іс жүзінде несие бермейді. Жаңа заң жобасында артық әкімшілік кедергілер жойылады. Бұл өз кезегінде саладағы инвестициялық ахуалды жақсартуға, мақта егісін ұлғайтуға, мақта сапасын және қазақстандық компаниялардың экспорттық түсімін арттыруға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын да қабылдады.
Құжат күзет қызметін көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, стратегиялық, аса маңызды объектілер мен террористік тұрғыда осал объектілердің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету үшін күзет ұйымдарын лицензиялық іріктеу жүргізілетін болады. Мұндай талап объектілерді қорғаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келеді және азаматтардың қауіпсіздігін арттырады.
Мәулен Әшімбаев Сенаттың бір жылғы жұмысын қорытындылай келіп, заң шығару жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
"Парламент жыл бойы Мемлекет басшысының реформаларын және еліміздің стратегиялық саясатын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарды. Жалпы, биыл Парламент 110 заң қабылдады. Оның 30-ға жуығына Парламент депутаттары бастамашы болды", - деді Сенат төрағасы.
Сенаторлар экономиканы қалпына келтіру, бизнесті қолдау және азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету бойынша көптеген заңдар қабылдады. Биылғы жылы демократиялық процестерді нығайтуды, адам құқықтарын қорғауды және қоршаған ортаны қорғауды көздейтін бірқатар құжаттар қабылданды.
"Жұмысымыздың негізгі басымдығы ел экономикасын өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру екені түсінікті. Сонымен бірге ауылдық жерлерді дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне баса мән бердік. Биыл Сенат ұйымдастырған бірнеше парламенттік тыңдауда осы бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды", - деді ол.
Сөз соңында Мәулен Әшімбаев атқарылған жұмыстар үшін сенаторларға алғыс айтты және алдағы кезеңде депутаттық корпусқа Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын одан әрі іске асыруда елеулі жұмыс күтіп тұрғанын айтты.