Жаңалықтар тізбегі
0

Жаңа экологиялық кодекс: Экология министрі есебінің толық мәтіні

gov.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.01.2021 22:00 gov.kz
Үш күн бұрын Мемлекет басшысының Экологиялық кодекске қол қойғанын ерекше қуанышпен атап өткім келеді - министр.

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің 2021 жылғы 5 қаңтарда ОКҚ брифингінде "1.09.2020 жылғы Жолдау аясында берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар туралы" сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz.

Президенттің Жолдауы – бұл мемлекет пен қоғам дамуының басымдықтары белгіленген және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған құжат.

Бүгінгі күні қоғамды экология мәселелері, қоршаған ортаның жағдайы көп толғандырып келеді. Экология, геология және табиғи ресурстары министрі ретінде бұл мені, әрине, қуантады. Азаматтардың белсенділігі мен берік ұстанымы бізді тиімді шаралар қабылдауға ынталандыратыны сөзсіз.

Жолдауда қоршаған ортаны қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне Президент айрықша мән аударғанын атап өткім келеді. Әр бағытқа қысқаша тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.

Біріншісі – Жаңа экологиялық кодексті қабылдау

Бұл аса маңызды құжат. Және де ол жан-жақты талқыланды. Жасыратыны жоқ, экологиялық және экономикалық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті ескеру қажет болғандықтан қиындықтар кездесті. Экологиялық ахуалды барынша тез жақсартамын деген азаматтардың ықыласын түсінуге болады. Алайда бұл ахуалдың жақсаруы бір дегенде емес, бірнеше жылдың ішінде орын алады. Себебі экологияны жақсарту үшін біздің өнеркәсіпте айтарлықтай техникалық және технологиялық жүйелі өзгерістерді іске асыру қажет.

Үш күн бұрын Мемлекет басшысының Экологиялық кодекске қол қойғанын ерекше қуанышпен атап өткім келеді. Қабылданған құжатты реформаторлық деп атауға болады. Және де ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) мен Еуропа елдерінің озық тәжірибесін ескере отырып, пысықталды.

Негізгі басымдықтарға қысқаша тоқталсам:

Біріншіден, "Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді" қағидатының негізінде ластануды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделген. Экологиялық зиян орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны оның бастапқы ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ МІНДЕТТІ.

Екіншіден, атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделген. Бірінші кезеңде жалпы ластанудың сексен (80%) пайыз шығарындыларының көзі болып табылатын елу (50) ірі кәсіпорындарында енгізу жоспарланған. Еуропада он бес (15) жыл ішінде Ең озық қол жетімді технологиялардың арқасында шығарындылар тоқсан төрт пайызға (94%) азайтылды. Осы технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар қол жетімді технологияларды пайдаланбаса, олардың эмиссия үшін төлем мөлшерлемелері ЕДӘУІР АРТАДЫ.

Келесі бағыт, бұл қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері (ҚОӘБ).

Біз қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өтудің әдістерін жеңілдеттік. Бүгінгі күні БАРЛЫҚ табиғат пайдаланушылар (шамамен 20 мың.) қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) рәсімінен өтуде. Жаңа Экокодекске сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалаудың міндетті процедурасынан тек бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар өтеді. Бұл шамамен екі мың алты жүз (2600) кәсіпорын. Осылайша шынымен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады. Сонымен қатар, қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатысатын болады (4 кезең - ниет туралы өтініш, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласы, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың есебі, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың нәтижелері туралы қорытынды).

Екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады.

Үшінші санаттағы объектілер хабарламалық негізде жұмыс істейді. Осылайша әкімдіктер үшінші санаттағы объектілерден шығарындылардың, төгінділердің саны, жинақталатын және берілетін қалдықтардың көлемі көрсетілетін декларациялар қабылдайтын болады (ЖҚС, қоймалар, жиһаз цехтары, бетон өңдеу тораптары және қызметі жергілікті, қоршаған ортаны ластаудың елеусіз сипатындағы өзге де объектілер).

Ал төртінші санаттағы объектілер реттеуден толық босатылады (автожуу, ТҚО, қоғамдық тамақтану объектілері, қуаттылығы аз қазандық қондырғылары бар микробизнес объектілері). Бұл ретте бірқатар кәсіпорындар үшін қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өту қажеттілігінің болмауы оларды мемлекеттік экологиялық бақылаудан босатпайды. Яғни барлық кәсіпорындар экологиялық талаптарды сақтауға міндетті.

Төртіншісі – қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төленетін төлем

Эмиссияларды мақсатты жұмсау мәселесі ең көп талқыланатын мәселелердің бірі болған еді. Бұл туралы көп жазылды. Және бұны түсінуге болады. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада эмиссия үшін түскен төлемдерді табиғатты қорғау іс-шараларына мақсатты жұмсау міндеттілігі көзделмеген. Бұл әкімдіктердің келіп түсетін қаражаттың орташа алғанда тек қырық бес (45%) пайызын (2019ж. – 87 млрд.тг.) ғана экологияға бөлентіндігіне алып келді. Бұл ретте кейбір облыстарда эмиссия үшін төлемдердің он (10%) пайыздан аспайтын мөлшері экологиялық іс-шараларға жұмсалған.

Осыған байланысты, жаңа кодексте экологиялық ТӨЛЕМДЕРДІҢ ЖҮЗ (100%) ПАЙЫЗЫ экологиялық іс-шараларға жұмсалатыны көзделген.

Бесінші – өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру.

Бұл бағытта әлі көп жұмыс бар екенін мойындау керек. Дамыған елдер осы салада инновациялық шешімдерге әлдеқашан көшкен. Біз әзірге бұған тек ұмтылудамыз.

Бүгінгі күні еліміздің үш бүтін оннан екі (3,2) мың полигонында жүз жиырма бес (125) млн. тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған. 2019 жылы қалдықтарды қайта өңдеу үлесі он бес (15) пайызды құрады. Алайда, бұл мүлдем жеткіліксіз. Салыстырар болсақ, дамыған елдерде бұл көрсеткіш отыз пайыздан (30%) асады.

Осыған байланысты заңнамалық негізде қалдықтардың жиналуын азайту үшін WASTE TO ENERGY технологиясын қолдана отырып, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату енгізілді. Бұл технологияға сәйкес қоқыс өртеліп, электр қуаты шығарылады, содан кейін ол жалпы электр желісіне сатылады.

Бүгінде алты (6) пилоттық қала анықталды. Бұл Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалалары. Әкімдіктермен жер учаскелері, инфрақұрылым және қалдықтармен кепілдендірілген жүктеме мәселелері бойынша сұрақтар белсенді пысықталуда. Пилоттық жобалар табысты іске асырылған жағдайда, тәжірибе басқа қалаларға да таратылатын болады.

Осы технологияның арқасында біз екі мың жиырма бесінші (2025) жылға қарай қайта өңдеу деңгейін отыз (30%) пайызға, яғни орта еуропалық деңгейге дейін жеткіземіз деп жоспарлаудамыз.

Екінші сұраққа келсек, бұл – декарбонизация және жасыл өсу мәселесі

Декарбонизация дегеніміз не? Декарбонизация – бұл көмірқышқыл газының шығарылуын азайту және жаңартылатын энергия көздері арқылы электр энергиясын өндіру. Бұл қоршаған ортаға зиянды әсерді едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні әлемдік экономиканы декарбонизациялау және климаттық реттеуді қатаңдату тренді байқалады. Атап айтсақ, өткен жылы Еуропалық Одақ шығарындылардың жоғары деңгейі бар елдерден импортталатын өнімдерге «шекаралық көміртек салығын» әзірлеуге кірісті. Бұл еуропа нарығында отандық өнімдердің жоғары бәсекелестігін сақтау үшін шығарындылардың көлемін қысқарту қажет екендігін білдіреді. Бұл ретте, Министрлік Қазақстанның екі мың елуінші (2050) жылға дейінгі Төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Бұл жұмыс екі мың жиырма бірінші (2021) жылғы маусымда аяқталады.

Өткен жылдың желтоқсан айында климаттық амбициялар бойынша саммитте Мемлекет басшысы еліміздің екі мың алпысыншы (2060) жылға қарай КӨМІРТЕК БЕЙТАРАПТЫҒЫНА қол жеткізетінін мәлімдеді. Жаңартылатын энергия көздері жобаларын белсенді іске асырумен қатар, бұл болашақта сутегі энергетикасын және көміртекті ұстау және сақтау бойынша технологияларды дамытуды көздейді.

Бүгінде біз азаматтардан орасан зор қолдау алып отырмыз деп сеніммен айта аламын. Жануарларға қатыгездікті, табиғатқа варварлық көзқарасты, әр резонанстық жағдайды азаматтар тез арада жеткізіп, жариялап отырады. Бұл – дұрыс. Мұндай фактілерді жасыруға болмайды. Жануарлар мен өсімдіктерге деген осындай көзқарас экологиялық білімнің, экологиялық мәдениеттің жеткіліксіз болуынан туындайды.

Біз табиғатқа, қоршаған орта жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтармен белсенді түрде жұмыс істеп келеміз, бірлесіп іс-шаралар, сенбіліктер, қоқыстарды тазарту, ағаш отырғызу бойынша акциялар өткізудеміз. Әрине, өткен жылы пандемияға байланысты мұндай шараларды қысқартуға мәжбүр болдық. Биыл осындай акцияларды жиі өткізе аламыз деп үміттенемін.

Көгалдандыру мәселесі – біздің басым міндетеріміздің бірі. Өйткені, орман – біздің байлығымыз.

Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттер қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі отыз (30) млн. гектарды құрайды және республикамыздың он бір (11%) пайызын алып жатыр. Он үш (13) млн. гектар жерде орман өсуде. Ормандылық көрсеткіш төрт бүтін оннан сегіз пайызды (4,8%) құрайды. Екі мың отызыншы (2030) жылға қарай елдің ормандылығын бес (5%) пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Бес (5) жыл ішінде орман қорында 2 (екі) миллиард және елді-мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады. Бұл бағытта Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлер бойынша ағаш отырғызу көлемдерін анықтады. Ол слайдта көрсетілген.

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Пандемия ішкі туризмге деген сұранысты көрсетті. Бірақ бұл азаматтардың экомәдениетінің төмендігін де байқатты. Бізде Қазақстанда табиғаты ерекше жерлер көп. Табиғи парктер, қорықтар, туристер келгеннен кейін барлық жерде қоқыс жиналады. Әрине бұл табиғатқа кері әсерін тигізбей қоймайды. Оған қоса, соңғы уақытта елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды қабылдады.

Нәтижесінде Қызыл кітапқа енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау үшін ОТЫЗ ЕСЕ мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін ОН ЕСЕ мөлшерде ағаш отырғызу көзделетін болады. Бұл нормалар Қағидаларда көзделмеген еді.

Бұдан бөлек, Орман заңнамасын бұзудан келген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық мөлшерлемелерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Қызыл кітапқа енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері алты (6) айлық есептік көрсеткіштен бір мың (1000) айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

Бұдан басқа, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге санкцияларды қатаңдату бойынша өзгерістер енгізілді.

Алтыншы мәселе – экологиялық туризмді дамыту.

Туризмдегі өркениетсіз көзқарас біздің табиғатымызға, бірегей табиғи объектілерімізге кері ықпалын тигізеді. Барлығымыз бұған сан рет көз жеткіздік. Сондықтан экологиялық, ұйымдастырылған туризмді дамыту қажет. Ал Қазақстанда экотуризмнің әлеуеті зор.

Мемлекет басшысы ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Жұмыс басталып та кетті. Қазіргі уақытта Қазақстанда он үш (13) ұлттық парк бар. 2019 жылы келушілер саны бір жарым (1,5) млн. адам болды. Бүгінгі күні ұлттық парктерде көлік үшін жабдықталған тұрақтар, кемпингтер, жаңа санитарлық кабиналар мүлдем жеткіліксіз. Біз халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, негізгі назар маршруттар мен соқпақтарды дамытуға және жабдықтауға аударылатын болады. Заманауи визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер, этно-ауылдар және т.б. құру көзделіп отыр.

Осыған байланысты, тиісті мастер-жоспарлар әзірленуде. Оларды жұртшылықпен талқылау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық парктер жанында Қоғамдық кеңестер құрылды.

Алматы тобының Ұлттық парктерінде: Іле Алатауы, Шарын, «Алтын Емел» және «Көлсай көлдерінде» экотуризмді дамыту Концепциялары әзірленіп, олардың презентациялары өткізілді.

Бұдан басқа, қалған барлық ұлттық парктерде экотуризмді дамыту бойынша тиісті концепциялар әзірленуде.

Министрлік Біріккен Ұлттар ұйымының даму бағдарламасымен бірлесіп ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік маршруттарға және экологиялық жолдарға рекреациялық жүктемені анықтау жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеп жатыр.

Жалпы алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экологиялық туризмнің дамуы, ең бастысы, ел азаматтарының табиғатты қорғауға, туристтерге қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға, жергілікті тұрғындарды қызмет көрсету саласындағы жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге әкеледі.

Келесі мәселе - жануарларды қорғау туралы заңды әзірлеу.

Адамдар тарапынан жануарларға негізсіз қатыгездік түсіну мүмкін емес. Күн сайын әлеуметтік желілерде жануарларға қатыгездік фактілері жарияланады. Кем дегенде соңғы істер қатарын алыңыз. Аққуды тұншықтыру, итбалық, иттерді мазақ ету фактілері көп. Заңнаманы қатаңдату қажет.

Осылайша, жануарларға варварлық көзқарастың жиі кездесетін фактілерін жою мақсатында депутаттардың, жануар қорғаушылардың қолдауымен Жануарларды қорғау туралы заң әзірленді. Заңды іске асыру жануарларға жауапты иелік етуді және оларға ізгілікті қарауды қалыптастырады. Әртүрлі санаттағы жануарларға қарау кезінде жалпы және арнайы талаптарды белгілеуге, жануарларды қатыгездіктен қорғауға мүмкіндік береді.

Келесі мәселеге көшсек, Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, бүгінгі күні суармалы судың шығыны қырық пайызды (40%) құрайды. Осыған орай суды цифрландыру мен есепке алуды жаппай енгізу талап етіледі.

Бұл өте маңызды мәселе. Бұл жерде фермерлердің санасы да маңызды, олар су сияқты маңызды ресурсты тиімді пайдалануы керек.

Соңғы үш жылда Қазақстан су аз цикліне кірді. 2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі сексен үш куб.километрді (83 км3) құрады. Бұл орташа көп жылдық көрсеткіштен жиырма пайызға (20%) аз.

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп вегетациялық кезеңнің қорытындыларына талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша екі мың отызыншы (2030) жылға қарай суармалы жер көлемін үш (3,0) млн.гектарға дейін ұлғайтуды ескере отырып, су тапшылығына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі анықталды.

Осыған орай, біріншіден, еліміздің оңтүстік аймақтарында ылғал сүйгіш дақылдардың (күріш пен мақта) егістік алқаптарын кезең-кезеңімен азайту қажет.

Екіншіден: жаңа су қоймаларын салу және каналдардың техникалық жай-күйін жақсарту жөніндегі жобалар жалғастырылатын болады.

Үшіншіден: суарудың су үнемдеу технологияларын енгізбестен суармалы жерлердің ауданын ұлғайту мүмкін емес.

Төртіншіден: суармалы суды ұтымды және үнемді пайдалану мақсатында екі мың жиырма бесінші (2025) жылға дейін ұзақтығы екі бүтін оннан сегіз (2,8) мың км болатын жүз он тоғыз (119) негізгі каналдарда жаппай цифрландыруды жүргізу қажет.

Түркістан облысы Мақтарал ауданында биыл «К-19» магистралды каналында пилоттық жобаның табысты іске асырылғанын атап өткім келеді. Оның ұзақтығы 12 км және суармалы жерлерінің ауданы үш бүтін оннан алты (3,6) мың гектардан асады, онда 328 шаруа қожалықтары орналасқан. Каналды цифрландырудың арқасында судың қырық бес пайызға (45%) дейін артық шығындалатыны анықталды.

Жоғарыда аталған іс-шараларды сәтті іске асырған жағдайда шамамен сегіз бүтін оннан үш (8,3 км3) куб.километр суды қосымша шоғырландыруға, сондай ақ су алуды 1 гектарға сегіз бүтін оннан сегіз мыңнан (8,8 мың) алты бүтін оннан алты (6,6) мың куб метрге дейін қысқартуға мүмкіндік пайда болады.

Ағымдағы лимиті он бес (15 км3) куб.километр болатын пайдаланылатын суды ескерсек, 2030 жылға қарай үнемделген су көлемі үш (3) млн.гектар суармалы жерді суару үшін он тоғыз бүтін оннан сегіз (19,8 км3) куб.километр көлемдегі қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құрметті журналистер, Мемлекет басшысы өз Жолдауында балық саласын дамыту қажеттігін атап өтті. Балық шаруашылығы әлемде де, Қазақстанда да қарқынды дамып келе жатқан перспективалы бағыттардың бірі болып табылады. Бұл ретте, мамандардың пікірінше, біздің еліміз жылына алты жүз (600) мың тоннаға дейін балық өсіру бойынша айтарлықтай әлеуетке ие.

Қазірдің өзінде өсірілген балық көлемі бойынша оң динамика байқалуда, оның өндірісі соңғы үш жылда бір бүтін оннан жеті (1,7) есеге артты (в 2018 г. – 5,6, в 2019 г. – 7,4, 2020г. план – 9,4 тыс. тонн).

Бұл ретте, Министрлік балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама өткен аптада Үкіметпен мақұлданды.

Бағдарламаға сәйкес екі мың отызыншы (2030) жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 9 мың тоннадан екі жүз жетпіс (270) мың тоннаға дейін 30 есеге арттыру жоспарлануда. Бес жүз қырық бес (545) жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады және жұмыс істеп тұрған үш жүз жиырма үш (323) шаруашылық толық жобалық қуатқа ауысады. Өңірлердегі жобалар бойынша ақпарат слайдта ұсынылған. Оларды іске асыру үшін 10 жыл ішінде үш жүз қырық бес (345) млрд. теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.

2020 жылы заңнаманы жетілдіру аясында балық ресурстарын пайдалану үшін жылдық төлемнің орнына тоқсандық төлем енгізілді. Сонымен қатар балық өсіру үшін 49 жыл мерзімге шарт жасасу мүмкіндігін бере отырып, балық шаруашылығына арналған су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге беру қағидалары бекітілді.

Сонымен қатар, балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулерді алып тастау, сондай-ақ бизнесті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босату жөнінде нормалар қабылданды.

Министрлік заңнаманы жетілдіру, сапалы балық өсіру материалдарымен, жеммен, бұдан басқа, кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде, субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, оның ішінде балық шаруашылығы баптарына жеке нысаналы қаражат бөлу арқылы жұмыстар жүргізілетін болады.

Осылайша, жоспарланған шараларды іске асыру 10 жыл ішінде екі бүтін оннан екі (2,2) трлн.теңгеге бір бүтін оннан бір (1,1) млн. тонна балық өсіруге мүмкіндік береді.

Екіншіден, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына жүз отыз төрт (134) мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады.

Үшіншіден, экспорттық түсімді төрт жүз отыз (430) млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуға қол жеткізуге болады.

Төртіншіден, форель және бекіре тұқымдас балық өндірісін ұлғайту есебінен импорт көлемін қырық бес мыңнан (45) жиырма бес (25) мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, бағдарламаны іске асыру кемінде елу (50) мың қосымша жұмыс орындарын құруға және басым түрде ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады.

Құрметті журналистер, Мемлекет басшысы айтқан тапсырмаларды іске асырудың негізгі шаралары осындай.

Сіздерді Жаңа жылмен құттықтаймын!

Шынында да, өткен жыл оңай болған жоқ. Жеңістерді де, сынақтарды да көрдік. Пандемия біздің барлығымызға әсерін тигізді. Бірақ өзара қолдаудың арқасында барлық қиындықтарды жеңудеміз. Ең бастысы, кез-келген жағдайда адамгершілікті сақтау. Әсіресе қоршаған ортаны қорғау, жануарлар мен өсімдіктерге қамқорлық жасау мәселелерінде.

Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, істеріңізге табыс, жарқын және қуанышты оқиғалар мен жаңалықтар тілеймін.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: