Алматыда 6 жыл бұрын берілген жаңа үйдің құбыры 30 рет жарылды
Алматыда тозығы жеткен баспаналарын жаңа үйге ауыстырғандардың қуанышы көпке созылмады. Бар болғаны алты жылдың ішінде су құбыры отыз рет жарылып көпшіліктің мазасын қашырған. Талай мәрте шуласақ та, атқамінерлерден ешқандай қайыр болмай отыр дегендер енді не істерін білмей дал, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
2014 жылы ғана пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің құбыры жарылып, тұрғындарды қыруар шығынға ұшыратуда. 6 жылдың ішінде 30-дан астам дәл осындай оқиға болыпты. Тіпті, кейбірі қазір қыс мезгілінде жылусыз отырмыз, дейді.
Таня Жусанбаева, қала тұрғыны:
Труба әбден мазамызды кетірді. Жарылып тесіле береді. Көршілер құдайға шүкір олар да түсінеді, не істейді? Мен әдейі заливать етіп жатқан жоқпын. Ана коридордағы жер айтпақшы үш,төрт рет ол ашылды. Шифонер көтерілді бері қарай.
Бұл баспананың құрылыстан көз ашпайтындығына кіре-берісте жатқан мына құбыр қалдықтар да дәлел. Өйткені, пәтердің іші емес, сырты да қирап жатыр. Бірнеше рет ауыстырғандықтан тіпті бетін жапқымыз да келмейді дейді көпшілік. Жиі болатын апат әбден әбігерге салып жібергендігін айтып отыр.
Жұрт бұл құбырдың мәселесін айтып бірнеше жерге арыз да жазған екен. Бірақ, сағызша созылған істің нүктесі қойылмай тұрғындар әлі күнге дейін нәтижеге қол жеткізбепті.
Роза Есенқұлова, қала тұрғыны:
Біз оны тексереміз, "Астана строй Инвест" деген біздің подрятчигіміз. Мүмкін солар өздері шешетін шығар. Солардың кінәсі шығар. Бірақ оны тексеру үшін, білу үшін сіз сотқа бреуіңіз керек. Біз мына трубаларды экспертизаға беруіміз керек деп айтты. Содан бері уже бір айдай өткен шығар.
Сонымен қатар тұрғындар сапасының да сын көтермейтінін жеткізді. Құжатта бір материал болса, пәтерімізде басқасы орнатылған деп шағымдануда. Бүгін осы іс бойынша "Күрделі құрылыс кәсіпорнынан" бастап, өзге де мамандар жиналды. Алайда, көпқабатты тұрғын үйдің 2014 жылы салынғанын айтқандар, нақты жоба туралы білмейтінін жеткізді.
Нұржан Шалғымбаев, "Град сервис" компаниясының жобалаушысы:
Бұл проект жоба жасалып, мемлекеттік экспертизадан өткен. Үй сараптамадан өтіп, салынған. Жобаны жасаған адамдар қазір ешкім жоқ қой. Бұл проект архивте бар.
Енді тұрғындар осы уақытқа дейін кеткен шығынды кімнен өтеп аларын білмей дал. Сонымен қатар құбырдың да енді жарылмайтынына кепілдік жоқ. Ал, мамандар арнайы комиссия құрып барлығын тексереміз, егер шын мәнінде құрылыс дұрыс жүргізілмесе жауаптылар анықталады деп қысқа қайырды.