Қырғызстанда Садыр Жапаров 78,9 пайыз дауыспен алда келеді
Қырғызстанда сағат 20:00-де мерзімінен бұрын ұйымдастырылған президент сайлауында дауыс беру аяқталды. ОСК сайтында дауысты автоматты түрде санайтын жәшіктерден алынған алғашқы мәлімет жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Сағат 20:20-дағы мәлімет бойынша, кандидат Садыр Жапаров 78,9 пайыз дауыспен алда келеді. Екінші орында - Адахан Мадумаров (6,5%), үшінші орында – Бабыржан Тольбаев (2%).
Қырғызстанда басқару формасын таңдау жөнінде референдум президент сайлауымен қатар өтті. Сағат 20:20-дағы мәлімет бойынша, президенттік басқару жүйесін сайлаушылардың 78,7 пайызы қолдаса, парламенттік форманы дауыс берушілердің 10 пайыз ғана таңдаған. Сайлаушылардың 4,2 пайызы екі нұсқаға да қарсы шықты.
Сағат 18:00-дегі мәлімет бойынша, президент сайлауында сайлаушылардың 33,13 пайызы дауыс берсе, референдумға 33,08 пайызы қатысқан.
Қырғызстанда 3 млн 563 мың 574 сайлаушы бар.
10 қаңтарда Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы және басқару формасы жөнінде референдум қатар өтті. Мемлекет басшысы қызметіне 17 кандидат таласып жатыр. 2 474 сайлау учаскесі жұмыс істеді, олардың 48-і шетелде орналасқан.