Қарағанды облысында РТБ кентіне қайтадан жан біте бастады
Сарандағы 90-шы жылдары бос қалған РТБ ауылы қайта жанданды. Ондаған иесіз қалған бес қабатты үйлер қалпына келтіріледі. Қарағанды облысының әкімдігі жергілікті билікпен бірлесіп, 20 жылдан астам уақыт бос тұрып қалған тұрғын үй секторын қолға алды.
Көпшілікке белгілі, бірінші кезекте РТБ-де өнеркәсіптік аумақ қалпына келтірілді. Бұл автобустар мен арнайы техниканың заманауи өндірісі ашылған бұрынғы резеңке бұйымдар зауыты. Сондай-ақ, мұнда автомобиль шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы басталады. Уақыт өте келе бүкіл өнеркәсіптік аймақ қала тұрғындарына 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашады. Зауыт жұмысшыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету қажеттілігі туындады.
- Бізде 20 жылдан астам уақыт тұрып қалған 11 гектар тұрғын үй аумағы бар. Онда 100 үй орналасқан. Оларды заңды түрде ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді, барлық пәтерлер коммуналдық меншікке берілді. 70-ке жуық үй қалпына келтіріледі, қалғандары жаңа құрылысты бастау үшін бұзылады, - дейді Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов.
Қалпына келтіру және құрылыс жұмыстары өткен жылы басталды. Екі үй бой көтеріп те үлгерді. Осы жылға арналған жоспарларда тағы алтауын ретке келтіру көзделген. Саран басшысының айтуынша, кейбір кәсіпорындар өз қаражаты есебінен қызметкерлер үшін тұрғын үйді қалпына келтіруге дайын. Мысал ретінде темірбетон зауытының екі үй сатып алғанын келтіруге болады. Құрылыс жұмыстарына биыл кірісу керек.
Сондай-ақ, РТБ абаттандыру бойынша нақты жоспарлар бар. Көктемде асфальттау басталып, жарықтандыру жүргізіліп, аялдама павильондары пайда болады.
- Биыл РТБ алаңына шамамен 70 млрд теңге инвестиция тарту күтілуде. Өткен жылмен салыстырғанда бұл шамамен 4,5 есе көп. Қалада мұндай қаржыландыру осыған дейін болған емес. Ақша бар, сондықтан үйлер мен инфрақұрылымдарды сапалы, бір рет және ұзақ уақытқа жететіндей етіп салу керек, - деп түйіндеді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Саран қаласын дамыту жөніндегі кеңесте.
Қаланың ең өзекті мәселелерінің бірі – қазандық құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Құрылыс алаңына облыс басшысы келді.
- Толық көлемде ақша таптық. Мердігер жұмыс істеуде. Биыл құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Толық аяқталу мерзімі - 2022 жыл, - деді Жеңіс Қасымбек.