Тоқаев жаңа заңға қол қойды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Су кодексіне түзетулер енгізілген заң жобасына қол қойды, деп хабарлайды zakon.kz.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Енді ауыл тұрғындары ауызсуға ақша аз төлейтін болады.
Сенаттың жалпы отырысында бұрын айтылғандай, қазір ауылдарда ауызсу тарифтері қалаларға қарағанда жоғары. Мұның себептерінің бірі - ауылдардың географиялық жағынан алыстығын, халықтың тығыздығының төмендігін және басқа да факторларды ескере отырып, сумен жабдықтау инфрақұрылымы құрылысының қымбатқа түсуі. Аймақтардағы судың құнын төмендету үшін бұл шығындардың бір бөлігін мемлекет көтереді. Ұсынылып отырған нормалар аймақтардың дамуына және жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Су тарифін бекітудің жаңа тетігі енгізілді. Енді мұндай өкілеттіктер жергілікті өкілді органдарға - мәслихаттарға беріледі. Сонымен қатар, жаңа тарифті қабылдау кезінде олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен адамдардың өмір сүру деңгейін ескеруі керек. Бұл арадағы маңызды жайт, ауыл тұрғындары үшін тариф орташа облыстық деңгейден жоғары болмауы керек.
Қазіргі уақытта республикамызда ауыз судың бір текше метрі үшін ең төменгі төлем 15 теңгені құрайды.
Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланатын болады.