Шымкент қаласының әкімі екпе салдыртты
Шымкентте коронавирусқа қарсы "Спутник V" екпесімен ерікті түрде вакцинациялау науқаны басталды. Бұл үшін қалаға аталған вакцинаның 1000 дозасы жеткізілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы вакцина қабылдаған алғашқыларының бірі болды, деп хабарлайды zakon.kz.
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, әкім №3 емханаға барып, екпе алдында дәрігерге тексерілді. Қарсы көрсеткіштер анықталмағандықтан, ерікті түрде вакцина салдырды. Қазіргі таңда денсаулық жағдайы жақсы.
"Спутник-V" вакцинасының 1000 дозасы қалалық қан орталығындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақтау үшін орналастырылып, бүгін таңғы сағат алтыда төрт емханаға жеткізілді. Екпе егу жұмыстарын жүргізу үшін қаладағы емханалардың базасында 4 вакцинация кабинеті ұйымдастырылып, вакциналарды сақтауға арналған мұздатқыштар орнатылған.
Ерікті түрде вакцина егу үшін медицина қызметкерінің тізімі қалыптастырылған. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері үшін вакцинациялау бойынша семинар-тренигтер өткізіліп, қажетті медицина қызметкерілерінің барлығы оқытудан өтті.
Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинация алдында дәрігер егуге келген адамды міндетті түрде тексереді.
Айта кету керек, вакцинация - коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді және қатаң локдаунның жалғыз баламасы.