Шымкенттіктер автобусқа таласып жатыр
Қалаға жеткізілген су жаңа қоғамдық көліктер әкімдік әзірлеген жаңа кешендік сызба бойынша бағыттарын өзгертуде. Енді соған сәйкес, кейбір маршруттар қысқартуға ұшыраса, енді бірі жаңа бағытпен қатынауды бастады. Бірақ, бұл өзгеріс шеткі елді-мекендерге кері әсерін тигізіп жатыр екен.
Бұған дейін бір бағытпен жүріп үйренген тұрғындар жаңа ереже бойынша сатылап жетуге мәжбүр болдық дейді. Ал, әкімдік болса, қолға алған "бастама" қоғамдық көлік мәселесін біржола шешуге ықпал етеді деп отыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бадам өзені бойына жағалай қоныстанған Карл Маркс елді мекеннің тұрғындарынан бір айдан бері маза қашқан. Ауылға қатынайтын жалғыз 141-ші автобус 23-ші қаңтардан бері бағытын ауыстырып жіберген. Күнделікті жұмыс пен мектеп, балабақшаға балаларын апарып үйренген жұрт енді жаңа бағытпен 2-3 автобусқа отырып баруларына тура келеді.
Сұлушаш Құрашева, Карл Маркс ауылының тұрғыны:
Бір ғана автобус жүретін мына Ш.Қалдаяқова көшесінде оның өзін өзгертіп, мың сан жүретін Республика даңғылымен жүргізіп отыр. Сонда не үшін десек, кешенді схема дейді. Ол қашанға болады, хотя-бы бір автобус жүргізбейсіңдер ме десем, ол автобусты наурыз айында жүргізеді екен.
Тұрғындардың жаңа бастамаға қарсылық танытатындай өз себебі бар. Өйткені, талай жылдан бері әкімдіктен жалынып алдыртқан 141-ші бағыттағы автобус Шәмші Қалдаяқов көшесімен жүретін. Сол үшін жұрт осы көшенің бойынан балабақша іздеп, балаларын мектепке орналастыруға асықты. Өздері жұмысқа қабылданды. Енді қоғамдық көліктің бағыты өзгерген соң, бала-шаға, немерелер үйде отырып қалыпты.
Шора Қадыр, зейнеткер:
Тірлігіміздің бәрін осы автобустың маршрутына ыңғайладық. Бұған қуанып жүрміз. Енді қазір, маршрутты өзгертіп, автобусты басқа жаққа бұрып жіберді. Енді қайтадан бір әрекет жасауымыз керек.
200-дей түтіні бар ауылда әзірге таксилердің дәурені жүріп тұр. Діттеген жеріне тездетіп жету үшін жұрт бағасына қарамай, көлікке отыруға мәжбүр.
Раушанбек Акбаров, Карл Маркс ауылының тұрғыны:
Қиналып жатыр. Кейбірі, жаяу өтеді. Білесіз, қазір лай. Ана жерде құрылыс жүріп жатыр. Бір автобус қой, келетін. Қазір, 2-3 автобуспен пересадка болып жатыр.
Шымкентте қоғамдық көлік жұмысын оңтайландыру, сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуді жүйелендіру мақсатында жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы әзірленген. Осыған сәйкес, радиалды, магистралды және орамішілік дейтін үш топтық маршруттар бекітілген. Жаңа жүйеге сәйкес, кейбір бағыттағы көліктер қысқарады, енді бір бағыттарға қосымша автобустар бөлінеді. Ал, 141-ші автобус әзірге жаңа жүйе бойынша қатынай береді, дейді мамандар.
Наурыз Сүгірәлиев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөліс басшысы:
Өз шығынын ақтамаған маршруттар әлеуметтік маңызы бар бағыттар деп аталады. Сол маршрут танылған. Соның қосымша қалада барлық қозғалыстардың сызбасы болады. Қозғалыс сызбалар оңтайланады. Өзгерістер болады. Жаңа бағыттар болады.
Бірақ, тұрғындар маманның бұл жауабына қанағаттана қоймады. Енді үміт халық қалаулыларында. Жуырда қабылдаған шешімнің күшін жойып, біз үшін ыңғайлы болған бағытты қайта қалпына келтіріп берсе болғаны, дейді.