Мұхтар Тайжан: Мақсат Толықбай мемлекеттік арнада неғып жүр?
Қазақстан ұлттық арнасы – мемлекеттік бюджетінен қаражаттандырылады, яғни салық төлеушілердің – бәріміздің қалталарымыздан ақша алып отыр, дейді желіде Мұхтар Тайжан.
Қазір қарасам, бұл арнада бүкіл халық үшін ортақ тақырып – Жер мәселесі талқыланып шықты. Жүргізуші – Адал партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, танымал журналист Мақсат Толықбай ініміз. Студияда сөйлеп тұрған Адал партиясы Саяси кеңесінің басқа мүшесі – өзін қойшымын деп таныстыратын Алмасбек Садырбай деген жігіт.
Бұл жігіт жердің жеке меншігін заңдастыруын ашық қолдап жүр. Неге? Себебі оның қолында 1,6 мың га жайылым жері бар, менімен дебатқа шыққанда өзі ашық айтты. Бағдарламаға тағы екі кісі қатысып тұрды. Нұротан партиясының мүшелері – сенатор Қуаныш Айтаханов және депутат Айдос Сарым.
Сонда менде бірнеше сұрақ туындап отыр.
Бірінші сұрақ, осы республика бюджетінен қаражаттандырылып тұрған басты мемлекеттік арнасының басты саяси бағдарламасын неге бір партияның саяси кеңесінің мүшесі жүргізіп отыр? Мәселе Мақсатта да емес, Адалда да емес, мәселе қағидада. Мемлекеттік арнаның саяси бағдарламасын саяси нейтралды тілші жүргізу керек, баспартийный. Саяси партияның ішкі тәртібі бар, басшысы бар, Саяси кеңесі бар, соларға кез келген партияның мүшесі бағыну міндетті. Ал мемлекеттік арнасында саяси бағдарламасын саяси нейтралды адам жүргізу керек деп санаймын.
Мысалы, Ұлыбританияның мемлекеттік BBC арнасының саяси бағдарламасын ТОРИ, немесе ЛЕЙБОРИСТІК партиясының Саяси мүшелері жүргізбейді ғой? Өйткені BBC – ол ортақ мемкелеттік арна, ешқандай партияның меншігі емес.
Екінші сұрақ. Неге осы Жер мәселесін тек қана Нұротан мен Адал мүшелері талқылап тұрды? Неге басқа партиялардың өкілдері қатысқан жоқ? Неге Ауыл мен Ақжол болған жоқ? Неге еш партияда жоқ қоғам белсенділерін және жер жанашырларын шақырмайсыңдар? Әсіресе 2016 жылы сол жер үшін митингіге шыққан, полициямен қудаланған адамдарды? Бұндай белсенділер Астанада да жоқ емес, тауп шақыруға болар еді.
Қазақстан ұлттық арнасы бәрімізге бірдей болуы жөн, өйткені ол мемлекеттік ұлттық арнасы!
Ал Жер мәселесін шешуге біз тек бұл екі партияға – Нұротан мен Адалға беріп қоймаймыз!
Мақсат інімді журналист ретінде өз басым жоғары бағалаймын, бірақ сен не Адалдың қатарынан, не бұл бағдарламадан кету керексің, менің ойымша. Өйткені бұл жерде журналистік этика деген ұғым бар. Көрермендерге деген құрметің сол болады.
Бәрімізге Мақсат Толықбай деген дарынды журналист қажет, бірақ ол бір партияның басшыларына бағынатын болса, несі тәуелсіз журналист болады? Тәуелсіз журналистер еш партияда болмауы шарт. Ол сөзсіз әлемдік әдетіне айналған практика, дейді пост авторы.