Атышулы Макс Боқаев 48 жасында Атырау түрмеcінен шықты
4 ақпанда Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінен белсенді Макс Боқаев босап шықты. 2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жыл түрмеде отырған "саяси тұтқын" Макс Боқаевты түрме алдынан 20 шақты жақтасы, ақпарат құралдары қарсы алды, деп хабарлайды zakon.kz Азаттыққа сілтеме жасап.
- Қазақстандағы халықтың қолдауына, халықаралық ұйымдарға рақмет айтқым келеді. Халық қолдауы болмаса, мені жоқ қылып жіберетін еді. Сүйегімді таба алмайтын едіңдер. Рақмет сол үшін! Жағдайды теледидар, радио-газеттен қарап отырмын ғой. Назарбаев тақтан кетсе де, 5 миллиметр өзгеріс бар деуге болады. Бірақ алып бара жатқан өзгеріс жоқ. Сондықтан ары қарай қоғамдық жұмыспен айналыса беремін, - деді Боқаев.
Ол 28 ақпаннан бастап жұма сайын "жалпыұлттық митингіге шығу" туралы ұсыныс айтты. "Үкімет ақылға келмесе, 3 сәуірден бастап алаңдарда шатыр тігіп отырамыз" деді ол.
Түрме мерзімі аяқталардан бұрын Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев қамаудан шыққаннан кейін бірден алаңға баратынын айтқан. Ол босатылардан бір күн бұрын "соттың қаулы шығарып, өзіне митингіге баруға, әлеуметтік желі қолдануға тыйым салғанын" хабарлады. Боқаев сот қаулысына қол қоймағанын, өзі де, адвокатына да сот жайлы хабар бермегенін айтқан.
4 ақпанда Боқаев түрме маңында жақтастары алдында сөйлеп тұрған кезде полиция сырттан бақылап тұрды. Айналада автозактар да байқалды.
Боқаев жақтастарын Атыраудағы Исатай - Махамбет алаңына барып, "таза ауа жұтып" серуендеп қайтуға шақырды. Оны қарсы алуға Алматы, Нұр-Сұлтан, Жаңаөзен және өзге қалалардан белсенділер барған.
Қаңтар айында Атырау соты Боқаевқа үш жылға әкімшілік қадағалау тағайындаған.
48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отырған. Бес жыл бұрын Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.
Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп айыпталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. 2019 жылғы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген.
Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Макс Боқаевты "саяси тұтқын" тізіміне енгізген. Бес жыл ішінде елде көптеген акциялар мен пикеттер болып, белсенділер саяси тұтқындар оның ішінде Макс Боқаевты да босатуды талап еткен. Халықаралық ұйымдар да Қазақстан билігінен саяси тұтқындарды босатуды талап еткен.