Әлемде бірде-бір вакцина әлі толық зерттеуден өткен жоқ
Қазір әлемнің бірқатар елдері коронавирусқа қарсы вакцина дайындап, оны өз халқына жаппай егуді бастап кетті. Олардың арасында Қазақстан да бар. Біздің елде әзірге ресейлік вакцина қолданылуда. Ал отандық дәрі үшінші клиникалық сынамалардың алдында тұр екен. Бірақ осы уақытқа дейін егілген жандардан ешқандай кері әсер байқалмаған. Керісінше, 250 ден астам еріктінің ағзасында вирусқа қарсы қорғаныш клеткалары көптеп түзіліпті. Вакцина салдыру қауіпсіз бе, оның қандай қарсы көрсетілімдері бар, ағзадағы витаминдер мен микроэлементтеріміз жойылмай ма?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Әлі сынамалары толық бітпеген отандық вакцинаны жарнамалаудан аулақпыз. Алайда осыдан біраз бұрын Білім министрі Асхат Аймағамбетовтың қазақстандық вакцина кеңес тұсынан қалған, жақсы жабдықталған және білікті кадрлармен қамтылған ғылыми-зерттеу институттарының бірінде дайындалып жатыр дегені көңілге медеу болғаны рас. Өткен жылдың 31 желтоқсан күні отандық екпе уақытша тіркеуге қойылды. Бұл оның ары қарай зерттелуіне рұқсат берілді деген сөз.
Осы уақытқа дейін 720 елордалыққа ресейлік екпе салынды. Ақпандағы жоспар – 2030 доза. Науқан жалғасуда. 5 адам ғана өз еркімен бас тартқан. Әзірге ешкімде кері реакция байқалмапты. Кейбірі екпе салынған жердің ауырғанын және кешке қарай аздап әлсіздік болғанын айтқанымен, ертеңіне бұл белгілер толығымен жойылды деген. Сондай ақ, былтыр жазда не жуырда вируспен ауырдым, ендеше менің ағзамда қорғаныш клеткалары бар деген жандарға құлаққағыс.
Елена Ковзель, "Астана Медицина Университетінің" аға оқытушысы:
Коронавирусқа қарсы қорғаныш клеткалары уақыт өткен сайын қанмен жуылып кетеді. Сіз дерттен жазылған кезде оның деңгейі 40-50 дана болса, бірнеше айдан соң олардың саны бір данаға дейін азаяды. Бұл ағзаны қорғауға жетпейді. Сондықтан коронавируспен бұрын ауырсаңыз да, екпе салдырғаныңыз абзал.
Егер коронавируспен ауырған адаммен байланыста болсаңыз, дәрігерлер екі апта күтуге кеңес береді. ПТР-тест оң нәтиже көрсетсе, үш айға дейін екпе салуға болмайды. Ресейлік дәрігерлер вакцина қант диабетіне шалдыққандар үшін де зиянсыз деген тоқтамға келіпті. Дегенмен, мұнымен ауыратындарды вирус оңдырмайтыны белгілі. Ендеше жуырда қарсы көрсетілімдері бар жандардың тізімі азайтылуы да ғажап емес.
Естеріңізге салсақ, қазір халыққа жаппай егіліп жатқан вакцина Ресейдің Спутник V екпесі. Қазақстандық QazCovid-in әзірге клиникалық сынамалардан өтіп жатыр. Былтыр қыркүйекте 40 еріктіге салынған. 180 күн бойы еш кері әсері байқалмапты. Екінші кезеңде 200 адам алған. Үшінші кезекте 3000 жанға егілген. Мамандар біздің вакцина жақсы нәтиже көрсетіп жатыр дейді. Еріктілердің ағзаларында түзілген қорғаныш клеткаларының саны өте көп көрінеді.
Әлемде бірде-бір вакцина әлі толық зерттеуден өткен жоқ. Алайда, дүние жүзін алқымынан алған пандемия жағдайында дәрігерлер вакциналаудан басқа амал жоқ дейді. Ал салдыру-сылдармай әркімнің өз еркі. Ешкім қыстамайды. Ал ғалымдардың айтуынша, вакцинаның адам ағзасындағы пайдалы заттарға еш әсері жоқ.
Тимур Мұратов, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Вакцинаның витаминдерге көп қатысы жоқ. Дәрумендердің деңгейін ешқандай өзгеріске түсіре алмайды. Ол жағынан кейінірек терең зерттеулер жүргізілетні болар. Қазіргі белгілісі. ешқандай вакцина дәрумен деңгейіне тікелей әсер ете алмайды.
Коронавирусқа қарсы вакцина генетикалық зертханаларда әзірленеді екен. Ол үшін ешқандай жануардың материалы қолданылмайды. Мамандар әзірге қайта вакцинациялау туралы айту ерте дейді. Бірақ, екі-үш мәрте екпе салдыруыңыздың да мүмкін екенін де жоққа шығармады. Мысалы, кәдімгі тұмау кезінде де жылда вакцина салынады.